Атырау, 13 мамыр 05:00
 бұлттыВ Атырау +14
$ 439.40
€ 473.54
₽ 4.76

Шымкенттегі атысқа қатысты тың дерек шықты

3 936 просмотра


Шымкентте дәмханадағы жұртқа оқ жаудырғандардың кім екені анықталды. Дегенмен бір адамды өлтіріп, 5-уін жаралағандарды полиция әлі ұстап үлгермепті. 

Ал оқиға орнынан қыруар қаржы мен қару табылған. Бұл қылмыстық топтар арасындағы қырқыс па, әлде қарақшылық па? Қанды қырғын Арғынбеков көшесіндегі «Сүндет» дәмханасында болған. Дәмханада отырған бір топ адамға кенеттен келген екі жігіт оқ жаудырады. Салдарынан кафе клиенттерінің бірі оқиға орнында көз жұмса, тағы бесеуі жарақат алды. Оқ атқандардың бірінің фотосы бүгін әлеуметтік желілерге тарады. Ол бетін тұмшаламастан қару кезеніп тұр. Атыстан кейін жеткен полицейлер қылмыс болған жерді қоршауға алып, күдік тудырғандардың қолын қайырып әкетіп жатыр. Дәмхана маңындағы тұрғындардың зәресі ұшқан. Атылған мылтық даусын естіп, үйінен шығуға сескеніпті. Дәмхана бүгін жабық. Атыс кезінде кафенің орындықтары қирап, терезелері де шашылған. Оқиға орнынан табылған қарулар сараптамаға жөнелтілді. Ал дәмхана алдында тұрған қымбат көліктердің бірінен ірі көлемде ақша табылған. Атқандар мен жарақат алғандарға бұл ақшаның қатысы бар-жоғы тексеріліп жатыр. Елді дүрліктірген атыстан соң қылмыстық топ арасындағы кикілжің деген қауесетке қатысты полиция департаменті ешқандай мәлімдеме жасаған жоқ. Іс бойынша «екі адам ұсталды» деген Шымкенттің бас полицейі, олардың атқандарға қаншалықты қатысы барын да айтпады. Бір анығы, оқ жаудырғандар әлі бостандықта. 

Ералы Жұмаханбетов, Шымкент қалалық ПД бастығы: - Қылмыс істеген адамдардың бәрі белгілі. Анықталды. Қазір ұстау шаралары жүргізіліп жатыр. Құдай қаласа жақын арада ұстап, әркім тиісті жазасын алады. Жараланғандар ауруханада жатыр. Кешкі сағат алты-жеті жарым арасында түскен 5 науқастың біреуі ғана үйіне жіберіліпті. Бет-аяғына бытыра тиген екі азамат бөлімшелерге жатқызылса, тағы екеуінің «жағдайы ауыр» дейді дәрігерлер. 

Өткіржан Молдаханов, Шымкент қалалық №1 клиникалық ауруханасының бөлім меңгерушісі: - Бір науқас 84ші жылғы, ол оқ жарақатымен кейінгі іш жарақатымен, аш ішек пен тоқ ішек жарақатымен түсті. Аш ішек пен тоқ ішекке резекция жасалынды. Қазір жансақтау бөлімінде. Ал бір науқас бас-ми жарақатымен ота жасалынып, қазір ол да жансақтау бөлімінде. Жарақат алған жігіттердің барлығын мұздай қаруланған полиция қызметкерлері күзетуде. Елді дүрліктірген жәйт бойынша әзірге Қылмыстық кодекстің екі бабымен іс қозғаған тәртіп сақшылары енді ауруханадағы науқастардың тілеуін тілеп отыр. Қылмыстық топтың арасындағы жанжал ма, әлде белгісіз біреулердің жасаған қаскөйлігі ме, ол енді науқастардың тергеуінен кейін белгілі болады.  

Дереккөз: Ktk.kz 

31 қазан 2019, 09:57

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.