Атырау, 11 мамыр 02:38
 ашықВ Атырау +17
$ 439.40
€ 473.54
₽ 4.76

Алматыда бала ұрламақшы болған тәрбиеші 6 жылға сотталды

2 484 просмотра


№96  балабақшаға бет-аузын тұмшалап келіп, бүлдіршінді алып кетпек болған Саягүл енді алдағы 6 жылын темір торда өткізеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі. 

Саягүл Жаңалыққа бұған дейін прокурор 6 жыл жаза сұраған еді. Ол  ҚР ҚК 24-бабы 3-тармағы (Қылмысқа дайындалу және қылмыс жасауға әрекет ету) және 125 бабы 2 тармағы (Адам ұрлау) бойынша айыпты деп танылып, 6 жылға бас бостандығынан айырылды. 30 жастағы қыз жазасын қауіпсіздігі орташа деңгейдегі мекемеде өтейтін болды.

Алматы қаласы Медеу аудандық №2 сотының судьясы Тұрсынхан Салықов прокурордың  сұраған жазасына өзгертпестен үкім оқып, адам ұрлығына қатысты бұл жаза қылмыстық кодекстегі «ең жеңілі» деп түсіндірді.

«ҚР ҚК 24 бабының 3-бөлігі, 125 баптағы 2-бөлігінің 2, 8 тармақтарымен берілген қылмыстық істі қарап, ҚР ҚК 387, 388, 390, 393, 395, 396, 397, 398, 401, 402, 414, 417, 418 баптарын басшылыққа ала отырып, сот үкім етті.  Саягүл Жаңалық ҚР ҚК 24 бабының 3 бөлігі, 125 бабындағы  2 бөлімінің 5,8 тармақтарымен кінәлі деп танылсын. Оған осы бап бойынша 6 жыл бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалсын. Саягүл Жаңалыққа қатысты бұлтартпау шарасы күзетпен ұстау үкім заңды күшіне енгенге дейін өзгеріссіз қалдырылсын. Сотталған Саягүл Жаңалыққа бас бостандығынан айыру жазасы 2019 жылдың 25 шілдесінен  бастап есептелсін.  Саягүл Жаңалықтан жәбірленушілердің пайдасына 20 АЕК құрайтын 50 500  теңге мәжбүрлі төлем өндірілсін»,-деді үкімді оқыған судья Салықов.

Бұған дейінгі сот отырыстарында «Маған тағылған айыптармен толық келісемін. Істеген ісімді мойындаймын. Кінәлімін. Сол үшін қатты ұяламын», - деді сотталушы. Саягүл Жаңалық үкім оқылғанда өзін салмақты ұстады. Қолына кісен салынып, сот залынан кетіп бара жатқанда да туыстары шу шығарған жоқ. Үкім оқылғанда Саягүлдің анасы сыртта тұрса, әкесі жазамен келіспейтіндерін, қайта шағымданатындарын жеткізді.

«Соттың үкіміне көңілім толмайды. Төрт баламның үлкені. Баланы ұрламақ болғаны дұрыс емес. Бірақ оның ата-анасынан ақша бопсаламақ болды дегенге қатысы жоқ. Қайтадан шағымданамыз. 2004 жылы Қытайдан көшіп келдік. Қызым жоғарғы білімді осы жақтан алған",- деді сотталушының әкесі Дәулетхан Жаңалық.

Естеріңізге сала кетейік, дүйім жұртты дүр сілкіндірген оқиға 16 шілде күні Алматыда орын алған еді. Бет-әлпетін тұмшалап алған әйел арам ойын іске асыра алмаған. Күдікті 25 шілде күні Алматы облысы Кеген ауданындағы ата-анасының үйінде ұсталды.

Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ. Қос тарап та 15 күн ішінде қайта шағымдануға құқылы.

Дереккөз: azattyq-ruhy.kz

28 қазан 2019, 15:08

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.