Атырау, 20 сәуір 19:35
 ашықВ Атырау +20
$ 446.49
€ 475.38
₽ 4.79

Мәжіліс "балаларды митингіге апарған ата-аналарды жазалауды" қолдады

1 773 просмотра


23 қазанда мәжіліс депутаттары кәмелет жасқа толмағандарды митингіге апарған ата-аналарды жазалауды қарастыратын заңға енетін түзетуді мақұлдады деп хабарлады жергілікті Vlast.kz сайты.

Бұған дейін сенат депутаттары рұқсат етілмеген акцияға балаларды ертіп апарған ата-аналарға 100 айлық есептік көрсеткіш (шамамен 645 доллар) көлемінде айыппұл салу немесе он күнге дейін қамауды ұсынған еді.

Заң жобасына қосымша түсініктемеде Қазақстанда рұқсат етілмеген митингілерге кейбір ата-аналардың балаларын ертіп апаратыны жазылған. Құжат авторларының пікірінше, бұл балалардың денсаулығына, психикалық дамуына кері әсер етеді.

Бұған дейін сенат депутаты Сәуле Айтпаева рұқсат етілмеген митингіге қатысу балалардың өмірі мен денсаулығына қауіп төндіретінін айтқан. Бұл қоғамда қызу талқыланған даулы мәселелердің бірі. Кейбір мамандар "егер билік балаларға митингілерге баруға тыйым салса, онда Олимпиада, партия форумы сияқты ресми шараларда да балаларды тұрғызып қоюға тыйым салуы керек" деп санайды.

Қазір заң бойынша, азаматтар митингі өткізу үшін жергілікті атқару органдарынан рұқсат сұрауы тиіс. Рұқсат етілмеген акциялар заңсыз болып есептеледі. Құқық қорғаушылар азаматтардың бейбіт жиналу құқығын шектейтін заңды сынайды.

Наурыз айында қызметіне кіріскен Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев бірнеше рет митингі туралы заңды қайта қарау қажет деп айтқан, алайда осы уақытқа дейін бұл заң ережелерін жұмсартуды көздейтін заң жобасы парламентке түскен жоқ.

Дереккөз: Азаттық радиосы


24 қазан 2019, 11:03

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.