Атырау, 18 сәуір 07:43
 ашықВ Атырау +23
$ 448.89
€ 477.93
₽ 4.76

Айсұлтан Назарбаевқа үкім шықты

6 308 просмотра


Қазанның 18-і күні Лондон соты Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың жиені, Қазақстан парламенті сенатының қазіргі спикері Дариға Назарбаеваның ұлы Айсұлтан Назарбаевқа бір жыл шартты жаза кесті. 

БАҚ-тың хабарлауынша, Айсұлтан Назарбаев биылғы маусым айында британ полициясына қарсылық көрсеткені үшін жауапқа тартылған. Назарбаевтар отбасы Айсұлтанның Ұлыбританияда ұсталғаны және сотталғаны жайлы ешқандай комментарий берген жоқ.

Лондон полициясына қарсылық көрсетіп, қол жұмсады деп айыпталған Айсұлтан Назарбаев сот шешімі бойынша "18 ай сынақта болып, 140 сағат қоғамдық жұмысқа жегіледі және есірткіге тәуелділіктен емделуге мәжбүрленіп, бір мың фунт айыппұл (1300 доллар) бес мың фунт шығынды төлеуі тиіс" деп хабарлайды Би-би-си.

Назарбаев жеке пәтерінде "есірткі әсерімен полицияға қарсылық көрсеткен, қол жұмсап, тістеген" деген айыппен кінәлі деп танылған. Priory клиникасының есебіне қарағанда, есірткіге тәуелділіктен емделген Айсұлтан Назарбаев дәрігерлердің бұйрығын орындап, емделуге бет бұрғанын байқатқан.

Би-би-сидің хабарлауынша, судья үкім шығарарда Назарбаевтың ықыласын ескеріп, әрі қарай бостандықта емделгені дұрыс деген шешім қабылдаған. Назарбаевтың адвокаты сот үкімін естігенде иығынан жүк түскендей жеңілдегенін айтқан. Айсұлтан Назарбаев сөйлеуден бас тартқан.

Осыған дейінгі ақпараттарда "Айсұлтан Назарбаев полицияға қол көтеріп, денсаулығына зиян келтіргенін және мүлікті бүлдіргенін мойындағаны" айтылған. Дегенмен ұлыбританиялық Court News UK агенттігі шілденің 4-і күні Лондондағы Сауторк сотында Айсұлтан Назарбаев ісі бойынша алдын ала тыңдауда "өзін суицидтен құтқарып қалған полицейді тістегенін" жоққа шығарған.

Агенттіктің хабарлауынша, судья Филип Бартл Айсұлтан Назарбаевты кепілмен босатып, қаладағы есірткіге тәуелділер емделетін Priory Group ауруханасына жіберген.

Ал ВВС-дің Орыс қызметінің хабарлауынша, адвокат Алисдэйр Уильямсон соттан Айсұлтан Назарбаевты 90 мың фунт стерлинг (шамамен 43 млн теңге) кепілмен босатуды сұраған.

"Сотта прокурор Грегор МакКинли Айсұлтан Назарбаевтың кокаин қолданатынын айтты. Қазақстанның бұрынғы президентінің жиенінің төлқұжатын алып алған. МакКинли судьядан Назарбаевты кепілмен босатпауды сұрады. Мемлекеттік айыпталушы ықпалы қатты Назарбаевтар әулеті оған дипломатиялық паспорт алуға көмектесіп, ол Ұлыбританиядан кетіп, жауапкершіліктен құтылып кетеді деп қауіптенеді. Ал судья Назарбаев есірткіге тәуелділер емделетін Priory Group емханасына барып емделсе ғана кепілмен босатынын айтты" деп жазды сотқа қатысқан ВВС-дің Орыс қызметі.

Биыл қыркүйекте Айсұлтан Назарбаев ісі туралы жаңа дерек жарияланды. Британиялық Mail Online сайтының жазуына қарағанда, Назарбаев "полиция қызметкерлеріне қарсылық танытып, офицерлердің бірі қатты жарақат алған". Прокурор МакКинлидің айтуынша, "полиция Назарбаев пәтерге ұрлыққа түсті" деп ойлаған.

Бұның алдында екі күн бұрын ғана International Park Plaza қонақүйіне шақырылған полицейлерді Айсұлтан Назарбаев балконнан секіремін деп қорқытқан. Прокурордың айтуынша, Қазақстанның ресми орындары Лондон қалалық полициясымен байланысып, оны "жай ғана депортациялауды" сұраған.

Айсұлтан Назарбаевтың қорғаушысы Алисдар Уильямсонның айтуынша, Қазақстан үкіметі тергеушілермен ынтымақтасып келеді және олар "Британия билігі паспортын тартып алған соң Назарбаевқа жаңа паспорт бермейтінін айтқан".

1990 жылы туған Айсұлтан Назарбаев Ұлыбритания корольдігінің "Сандхерст" әскери академиясын бітіргеннен кейін, 2013 жылы кәсіпкер Қайрат Боранбаевтың (сол кезде "ҚазРосГаз" компаниясының бас директоры) қызы Әлима Боранбаеваға үйленді.

Футболдан Қазақстан жастар құрамасының тізіміне қосылған ол, футбол федерациясының басшылығын жиі сынап, 2017 жылы жеті айдай Қазақстан футбол федерациясы вице-президенті болып көрді.

Айсұлтан Назарбаев бұрынғы президент Назарбаевтың төңірегіндегі жоғары лауазымды шенеуніктер Әділбек Жақсыбеков, Иманғали Тасмағамбетов, Данияр Ақышев пен топ-бизнесмен Болат Өтемұратовтарды да сынағаны байқалған.

"Президентті осындай адамдардың қоршап алғаны және бүкіл елді бақылауға алуды көксейтіндері жанымды ауыртады. Осындай жоғары лауазымды тұлғалардың елдегі барлық жағдайды шексіз билеп-төстеуге ұмтылуы – болашағымызға төнген басты қатер" деп жазды ол 2016 жылдың қарашасында.

Өткен жылы әлеуметтік желілерде "Айсұлтан Назарбаевтың Ресейде есірткіге тәуелділіктен мәжбүрлі түрде емделгені" жайлы ақпарат тараған еді. Азаттық жігіттің анасы Дариға Назарбаевадан ұлы жайлы сұраған. Бірақ ол журналистің сұрағына жауап бермеді.

Қазанның 18-і күні Лондон соты Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың жиені, Қазақстан парламенті сенатының қазіргі спикері Дариға Назарбаеваның ұлы Айсұлтан Назарбаевқа бір жыл шартты жаза кесті. 

Назарбаевтар отбасы Айсұлтанның Ұлыбританияда ұсталғаны және сотқа тартылғаны туралы ешқандай пікір білдірмеді.

Жақында республикалық телеарнаға берген сұхбатында Нұрсұлтан Назарбаев 2019 жылғы наурызда президент қызметінен кеткеннен кейін балалары және немерелерімен көбірек уақыт өткізуге тырысып жүргенін айтқан болатын. Бұрынғы президент жиені Айсұлтан Назарбаев жайлы ештеңе демеді.

Дереккөз: Азаттық радиосы


19 қазан 2019, 09:34

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.