Атырау, 24 желтоқсан 16:59
 бұлыңғыр боладыВ Атырау -1
$ 510.18
€ 601.91
₽ 6.51

Ақтөбеде қытай компаниясының жұмысшылары жалақы өсіруді талап етті

2 783 рет қаралды


11 қазанда Ақтөбе облысы Жаңажол мен Кеңқияқтағы мұнай кеніштерін бұрғылайтын қытайлық "Шығыс-мұнай және сервистік қызмет" (Құжаттағы атауы – "Восток нефть и сервисное облслуживание") компаниясының жұмысшылары жалақы өсіруді талап етіп, компания кеңсесіне келді.

Олардың айтуынша, бұған дейін жұмыс беруші жалақыны жұмысшылар сұрағандай 50 пайыз емес, 20 пайызға өсіруге уәде берген. Бірақ оның өзін де жұмысшылар ала алмай отыр дейді.

- Біз ең аз айлыққа жұмыс істеп жатырмыз. Жұмыс беруші жалақыны елу пайызға өсіруге келіспей отыр. Бізде төртінші разрядпен істеп жатқандар бар. Олардың жалақысы 120 мың теңгеге де жетпейді. Бұрғылау компаниясы ауыр техникамен жұмыс істейді. Алдында ең жоғары айлық бұрғылаушылардыкы болсын деген заң да шыққан ғой, - деді бұрғылаушы Амантай Бердімағамбетов.

Наразы топтың алдына шыққан Ақтөбе облысы әкімінің орынбасары Қайрат Бекенов жұмыс беруші компанияның биыл жалақыны екі рет көбейткенін: қаңтар айында - 9 пайызға, қыркүйек айында 20 пайызға көбейткенін алға тартты. Ол жаңа жылдан кейін компания басшылығы бұл мәселені тағы қарастыратынын айтып, жұмысшыларды ішке кіріп, мәселені талқылауды ұсынды.

Наразы топ алдына шыққан Ақтөбе облысы әкімінің орынбасары Қайрат Бекенов (ортада) жұмысшыларға жағдайды түсіндіріп тұр. Ақтөбе, 11 қазан 2019 жыл.
Наразы топ алдына шыққан Ақтөбе облысы әкімінің орынбасары Қайрат Бекенов (ортада) жұмысшыларға жағдайды түсіндіріп тұр. Ақтөбе, 11 қазан 2019 жыл.

Бірақ жұмысшылар "жұмыс берушінің өзі осында келсін" деп бас тартты. Кейбір жұмысшылар "жалақы өсті" деп айтқанмен соңғы алған жалақысында өзгеріс байқалмағанына шағымданды. Қайрат Бекенов оларға "есепшіге кіріп, тексертейік" деп ұсынды.

Қыркүйек айының ортасында осындай талап қоя бастаған жұмысшылар 10 қазанға дейін жалақы өсірмесе, кеніште жұмысымызды тоқтатамыз деген еді. Кейбір жұмысшылар 11 қазанда кеніште бұрғылау жұмысының тоқтағанын хабарлады. Бірақ компания әзірге растаған жоқ.

Бұрғылаушы Руслан Шоқпаровтың айтуынша, 9 қазанда жұмыс беруші компания бірнеше бригаданың жүзге тарта жұмысшысын "әкімшілік демалысқа жіберген". Бұрғылаушылар жұмыс берушінің бұл әрекетін түсінбейді.

- Негізі жұмысымыз 14-де аяқталуы керек еді. Бізді "әкімшілік демалыс" деп үйлерімізге қайтарып жіберді. Қазір жұмыссызбыз. Жұмыс беруші қандай ұсыныс айтар екен деп енді осы кеңсе алдына жиналып тұрмыз, - деді ол.

Бұрғылаушы Руслан Шоқпаров (сол жақта). Ақтөбе қаласы, 11 қазан 2019 жыл.
Бұрғылаушы Руслан Шоқпаров (сол жақта). Ақтөбе қаласы, 11 қазан 2019 жыл.

Оқиғаны полиция бақылап тұр. Аудан прокуроры Жасұлан Дәулембаев жиналғандарға "мәселе көшеге шығумен шешілмейді, мәселе шешілсін десеңіздер ішке кіріңіздер" деп наразы топты ғимарат ішіне кіргізуге тырысты. Бірақ жұмысшылар бас тартты.

Азаттық "Шығыс-мұнай және сервистік қызмет" серіктестігінің басшыларымен байланыса алмады. Бұл компания Ақтөбе облысындағы Жаңажол, Кеңқияқ кеніштерінде мұнай және газ ұңғымаларын бұрғылаумен айналысады. Компанияның дерегінше, серіктестіктегі 1112 жұмысшының 106-сы шетелден келген. Жалақыға қатысты наразылық білдірушілердің барлығы – Қазақстан азаматы.

Дереккөз: Азаттық радиосы

11 қазан 2019, 11:04

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.