Атырау, 27 қараша 07:24
 бұлыңғыр боладыВ Атырау +5
$ 498.55
€ 524.28
₽ 4.75

​Малайзия Қытайға бет бұрды ма?

2 650 просмотра


Өткен сенбіде Нью-Йоркте BenarNews интернет-порталының сұхбатын қабылдаған Малайзия премьреі Махатхир Малайзияның Қытайға қатысты ұстанымдары туралы пікірлерімен бөліскен. 

Оның айтуынша, Оңтүстік қытай теңізі және Шынжаң мәселесі бойынша Малайзия Қытаймен қайшылыққа келуді қаламайды. 94 жастағы саясаткер Махатхир осыдан бұрын Малайзияның Қытаймен қарым-қатынас мәселесінде өзіне тән жолды таңдауы керек дегенді айтып келген. Ол тіпті АҚШ бастаған Батыс елдерінің «Хуавей» және «Бір белдеу, бір жол» бағдарламасының қауіп-қатерлері туралы ескертулерін қабылдай алмайтынын да білдірген. Оңтүстік қытай теңізі даулы мәселесінде Малайзия көптеген жылдар бойы Қытай әрекеттерін қатаң сынға алып келген. Бірақ, соңғы жылдары Малайзия үкіметі Бейжіңге қарсы сын-айыптарын бәсейтті. 

Тіпті, екі ел арасындағы қарым-қатынастың жақсарғанын көрсетіп, Оңтүстік қытай теңізі даулы мәселесінде Бейжіңмен ортақ диалогқа келетінін де аңғартты. Екі ел арасында бұдан бұрын, яғни осы жылдың сәуір айында маңызды келісімдер де жасалды. Нәтижесінде Қытай Малайзияның инфрақұрылымдық жобаларына миллиардтаған доллар көлемінде инвестиция салуға келіскен. Малайзия премьер-министріні сөзінде: «Малайзия мен Қытай екі мың жылдан бері түрлі қайшылықты жағдайда өмір сүріп келеді, Малайзия Қытаймен байланыста не істеу керектігін біледі, сондықтан да Қытай қаупінен аман қалып келген. 

Біз күш-қуатымыз жоқ кезде Қытайға қарсы тұрудың амалын іздемейміз, басқа тәсілдерге көшеміз», – деген. Ол «сәтсіздікке бастайтын батыл қадамнан көрі, қарқыны әлсіз болса да басқа тәсілдерді таңдаған жөн» деп қарайды. Малайзия сынды шағын елдің азиялық держава саналатын Қытаймен тең қарсылыққа келуге дәрменсіз болып отырғанын айтқан Махатхир: «Тіпті Қытай кемелері Оңтүстік қытай теңізінде Малайзияға тән су айдындарында Малайзияның рұқсатынсыз мұнай-газ барлау істерімен айналысуда. Біз олардың ( қытайлық кемелердің) әрекеттерін бақылап, есеп береміз, бірақ, біз оларды қуып шығуға, қарсы тұруға әрекет етпейміз», – дейді. Ол және сұхбат барысында Малайзия Шынжаң мәселесі бойынша Қытай саясатына қарсы келмейді. Себебі, бұл Бейжіңнің Малайзияға қысымын күшейтуі мүмкін. «Біз Қытайға қарсы емеспіз, себебі, Қытай Малайзия үшін жаман емес», – дейді 94 жастағы саясаткер. 

Ал, БҰҰ мәліметінде Қытай үкіметі Шынжаң жеріндегі саяси лагерлерде (Бейжің «Қайта тәрбиелеу немесе Кәсіптік білім беру орталығы» деп атайды) 1 миллионнан астам мұсылман азшылықтың қамалғаны айтылған. Ал, Бейжің бұл лагерлерді экстремизмнің алдын алу және азаматтарды жаңа жұмысқа ие ету үшін жасап отырмыз деп ақталады. Малайзия премьерінің бұл пікірі Қытай ықпалы барған сайын арта түскен Орта Азия елдерінің назарын аудартуға тиіс. Қауіпсіздік пен егемендік кепілдігі үшін Орта Азия елдерінің Қытай мәселесіндегі ортақ ұстанымы мен алыс аймақтағы елдермен (айталық, Қытайдың шығысы және оңтүстік шығысындағы елдермен) пікір бірлігінің болуы аса қажетті. 

Дереккөз: Qazaqtimes.com

30 қыркүйек 2019, 17:10

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.