Атырау, 29 наурыз 12:41
 ашықВ Атырау +10
$ 448.15
€ 483.46
₽ 4.86

Астаналық белсенді Болатбек Біләловтің он күнге қамалғаны хабарланды

2 139 просмотра


Астаналық белсенді Болатбек Біләлов "жаңаөзендіктерді қолдап, 4 қыркүйекте акцияға шыққаны үшін" 10 тәулікке қамалды. Бұл ақпаратты Азаттық тілшісіне белсендінің әйелі Ақмарал Біләлова хабарлады.

Оның айтуынша, 17 қыркүйекте кешкі 19.30 шамасында полиция белсендіні үйіне іздеп барып, сол жерден полиция бөлімшесіне алып кеткен.

- Түнгі 22.00 шамасында оны Сарыарқа аудандық ішкі істер басқармасына апарғанын білдім. 22.30 шамасында сол жерге бардым. Ондағы қызметкерлерге "үш сағат өтті, жіберіңіздер" дедім. Ал олар болса "қазір шығады" деумен болды. Мен оны қамайды деп ойлаған жоқпын. Әңгіме өткізгеннен кейін шығатын шығар деп ойлағам. Бір кезде ол шықты. Жанында полиция қызметкерлері болды. Ол маған "мені 10 тәулікке қамады" деді. "Қалай?" десем, "дәл осы жерде сот болды" деді. "Не үшін" деп едім, "4 қыркүйекте митингіге шыққаным үшін" деді. Ол сол күні жаңаөзендіктерді қолдап, акцияға барған еді, - деді Ақмарал Біләлова.

Азаттық тілшісі әзірге полициядан жауап ала алмады. 16 қыркүйектен бері республиканың түкпір-түкпірінде "Қытай жобаларына қарсы" акция өткізген белсенділер ұсталып, әкімшілік жазаға тартыла бастады. Бұған дейін Нұр-Сұлтан мен Алматыда бірнеше азамат 10-15 тәулікке қамалған.

Qaharman адам құқығын қорғау бастамасы "Қытай жобаларына қарсы акция өткізгені үшін" 14 адамның әкімшілік жазаға тартылғанын хабарлады.

Қыркүйек айының басында Нұр-Сұлтан, Шымкент, Ақтөбе, Алматы, Орал, Атырау, Семей және өзге қалаларда "Қазақстанға Қытай зауыттарын әкелуге қарсылық білдірген" жаңаөзендіктердің талабын қолдап, акция өткізген.

Дереккөз: azattyq.org

18 қыркүйек 2019, 10:16

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.