
Адам құқықтары жөніндегі қазақстандық халықаралық бюро (АҚЖҚХБ) Қазақстан билігінен «Қазатомөнеркәсіп» компаниясының бұрынғы басшысы Мұхтар Жәкішевті босатуын талап етті. Ұйым Жәкішевтің ісінде «саяси астар» бар деп санайды.
«Қазақстандық сот төрелігі кейбір басқа сотталушыларға, әсіресе бұрынғы жоғары лауазымды тұлғаларға қатысты; кісі өлтіру, тонау, зорлау фактісі бойынша айыпталғандарды мерзімінен бұрын шартты түрде босатса, Жәкішевті босату ісінде саяси құрамның бар екендігін алға тартады», – делінген мәлімдемеде.
Қазақстандық бюроның айтуынша, сот адамды бостандығынан айырғанымен, мемлекет оның өмірі мен денсаулығына кепіл болуы тиіс. Алайда Жәкішевтің жағдайында бұл ереже сақталмай тұр. Жазасын өтеушілерге арналған түзету мекемелері стандартты медициналық көмек көрсетпей, емдеу процедурасының өзінде шектеулер қойып отыр.
«Мұхтар Жәкішев қатты науқас, оны сауықтыруға қажетті емдеу шаралары қамтамасыз етілмей отыр. Тиісінше, оның жағдайы нашарлай түсуде және бұл өлімге әкелуі мүмкін. Бірақ бұл жай ғана өлім болып саналмайды. Бұл азаптаудың салдары болады, яғни медициналық көмек көрсетпеу болып табылады. БҰҰ Бас ассамблеясының резолюциясына (1988) сәйкес, медцициналық көмек көрсетпеу азаптаумен пара-пар»,– делінген халықаралық бюро таратқан мәлімдемеде. Осыған байланысты Адам құқықтары жөніндегі қазақстандық бюро ел президенті Тоқаевтан 10 жылдан бері жазасын өтеуші Мұхтар Жәкішевті босатып, оған қажетті ем мен тиісті өтемақы төлеуге шара қолдануын сұрады.
Дереккөз: qazaqtimes.com
В Атырау -6