Атырау, 20 сәуір 02:35
 ашықВ Атырау +27
$ 446.49
€ 475.38
₽ 4.79

Біз қытайлық компаниялармен бірлескен кәсіпорындар құруға мүдделіміз - Тоқаев

2 507 просмотра

Фото: Akorda.kz

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қытайға сапары барысында Қазақстан билігінің қытайлық компаниялармен бірлескен кәсіпорындар құруға мүдделі екенін мәлімдеді, деп хабарлайды мемлекет басшысының баспасөз қызметі.

«Біз қытай компанияларымен бірлескен инновациялық кәсіпорындар мен ІТ-орталықтар құруға мүдделіміз. Елордамыз Нұр-Сұлтанда «Астана Хаб» ІТ-стартаптарының халықаралық технопаркі ашылды. Мұнда Big DATA, интернет заттар, жасанды интеллект, бұлтты технологиялар және суперкомпьютерлер бағыттары бойынша әзірлемелер қарқынды дамуда. Бұл технопарктің жұмысына қатысушылар үшін жеңілдетілген визалық, еңбек және салық режимдері қарастырылған, – деп атап өтті Қасым-Жомарт Тоқаев сәрсенбіде Бейжіңде өткен Қазақстан-Қытай Іскерлік Кеңесінің (ҚҚІК) VI отырысында.
Президент екіжақты ынтымақтастықтың келешегі зор салаларының бірі ретінде ауыл шаруашылығын атап өтті. Қасым-Жомарт Тоқаев Қытай нарығының ауқымы үлкен екенін және еліміз үшін осы экспорт бағыты бойынша зор мүмкіндік ашылатынын айтты.  

– Баршаңызға мәлім, Қазақстан жоғары сапалы бидай экспорты бойынша әлемдегі алдыңғы 10 елдің қатарына кіреді. Былтыр Қытайға экспортталған бидай көлемі 550 мың тоннаға жетті. Бидай экспортының көлемін 3,5 есеге, яғни 2 миллион тоннаға дейін ұлғайтуға болады. Қазақстан тұзын халықаралық нарықтарға экспорттау көлемі артып келеді. Біз Қытайға жылына 100 мың тоннаға дейін ас тұзын жеткізуге әзірміз. Сонымен қатар қытай нарығына сүт өнімдерін, құс етін, сиыр етін, қой етін, шошқа етін, ұн, дәнді және бұршақ, сондай-ақ майлы дақылдар жеткізуге дайынбыз. Біз экологиялық таза азық-түлік өндірісін ұлғайтып, Қытай нарығына шығаруға ниеттіміз, – деді Президент.  

Сонымен бірге, Мемлекет басшысы туризм саласындағы екіжақты ынтымақтастық мәселесін қозғады. Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның осы саланы дамытуға ерекше көңіл бөліп отырғанын атап өтіп, қытайлық инвесторларды серіктес болуға шақырды.

Соңында Президент Қазақстан-Қытай іскерлік кеңесін дамыту ісінде маңызды рөл атқаратын Қазақстан мен ҚХР арасындағы сауда-экономикалық және инвестициялық байланыстарды кеңейту үшін берік негіз қаланғанына сенім білдірді.
Пленарлық мәжіліс барысында «CITIC Group» корпорациясы директорлар кеңесінің төрағасы, Қазақстан-Қытай іскерлік кеңесінің Қытай тарапынан тең төрағасы Чан Чжэньмин, «Самұрық Қазына» АҚ басқармасының төрағасы, Қазақстан-Қытай іскерлік кеңесінің Қазақстан тарапынан тең төрағасы Ахметжан Есімов, сондай-ақ «Астана» халықаралық қаржы орталығының басқарушысы Қайрат Келімбетов сөз сөйледі.

Іс-шара қорытындысы бойынша Қазақстан тарапының өкілдері қытайлық бизнесмендермен бірқатар коммерциялық келісімдерге қол қойды, деп тұжырымдайды президент баспасөз қызметі.

Дереккөз: ҚазТАГ 

11 қыркүйек 2019, 14:14

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.