Атырау, 28 сәуір 13:09
 ашықВ Атырау +18
$ 443.35
€ 475.54
₽ 4.82

Ермұрат Бапи "Ақиқат" ЖСДП партиясы төрағалығынан кетті, орнына Асхат Рақымжанов сайланды

3 102 просмотра

"Ақиқат" ЖСДП съезі. Алматы, 6 қыркүйек 2019 жыл.

Алматыда 6 қыркүйекте болған "Ақиқат" ЖСДП партиясының 15-съезінде қазіргі басшыларға сенімсіздік білдіру мәселесі талқыланып, ақырында партия төрағасы Ермұрат Бапи төрағалықтан кетті. Оның орнына Асхат Рақымжанов партия төрағасы болып сайланды. Ермұрат Бапи сонымен бірге партиядан да шығарылды.

Оқиға орнында болған Азаттық тілшісінің хабарлауынша, кейбір партия мүшелері Бапидың партияға саяси күштерді тарту жұмыстарына сенбейтінін, оның Парижге бір топ белсенділермен бірге барып, елдің бұрынғы премьер-министрі Әкежан Қажыгелдин, Атырау облысының бұрынғы әкімі Бергей Рысқалимен партияның рұқсатынсыз кездескенін айыптаған.

Олар ЖСДП-ның бұрын белсенді партия болғанын айтқан. Кейбір азаматтар партияның бұрынғы төрағасы Жармахан Тұяқбайдың съезге шақырылмағанына назар аударған. Олар партияның бұрынғы логотипін қалдыруды да ұсынған. Залда отырғандардың көпшілігінің көңіл-күйін байқаған Ермұрат Бапи дауласпай-ақ қызметінен кететінін мәлімдеген.

Дегенмен жиында сөйлеген кейбір азаматтар Ермұрат Бапиды қолдаған. Съезд соңында сөйлеген Ермұрат Бапи мұны партия ішіндегі алауыздық деп бағалады.

"Елдегі жалғыз оппозициялық партияны жерледіңіздер" деп Ермұрат Бапи отырыс бітпей жатып, залдан шығып кетті.

Азаттық тілшісіне берген сұхбатында Ермұрат Бапи бүгінгі жиынға өзі де партия төрағалығынан кету туралы оймен келгенін, бірақ бұл ойын айтып үлгермегенін, өзінің орнына белсенді Жанболат Мамайды ұсынбақ болғанын айтты.

Партияның жаңа төрағасы Асхат Рақымжанов бұған дейін партияның Нұр-Сұлтан қалалық бөлімшесіне жетекшілік еткен.

Қазақстанда өздерін оппозициялық ұйым атайтын Жалпыұлттық социал-демократиялық партияның төрағасы Жармахан Тұяқбай 26 сәуірде өткен партия съезінде төраға қызметінен кетіп, оның орнына "Дат" газеттер жобасының жетекшісі, журналист Ермұрат Бапи сайланған еді. Осы кезде партия атауы "Ақиқат" ЖСДП болып өзгерген.

Биыл кезектен тыс президент сайлауы қарсаңында сайлаудың әділ өтетініне күмән келтірген партия өкілдері "2021 жылға жоспарланған парламент сайлауына дайындалайық" деп сайлауға түсуден бас тартқан. 

Дереккөз: Азаттық радиосы

6 қыркүйек 2019, 11:59

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.