Атырау, 24 сәуір 12:21
 ашықВ Атырау +27
$ 444.32
€ 473.33
₽ 4.76

Алматы соты Біләштің "айыбын мойындағанын" хабарлады

2 961 просмотра


Алматы қаласы Әуезов аудандық сотының хабарлауынша, "Атажұрт еріктілері" тіркелмеген ұйымының жетекшісі Серікжан Біләш "кінәсін мойындап, прокурормен процессуалдық келісім-шартқа қол қойған".

 Сот Біләш "Әлеуметтiк, ұлттық, рулық, нәсiлдiк, тектік-топтық немесе дiни алауыздықты қоздыру" бабы бойынша (174-баптың 1-бөлігі) айыпты деп тапқан.

"Процессуалдық келісімге сай, Біләшке бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалған жоқ" деп жазылған сот мәлімдемесінде.

16 тамызда кешкісін Алматыдағы Әуезов аудандық соты Серікжан Біләштің ісін қарап, оны қамаудан босатқан. Оған 110 мың теңге (шамамен 288 доллар) айыппұл салынған. Соттан шыққан сәтінде Серікжан Біләш өз ісінің "президент кеңесшісінің араласуымен ерекше жағдайда шешілгенін" айтқан.

Қазақстан билігі биыл наурызда Біләшті Алматыдағы қонақүйлердің бірінде ұстап, Нұр-Сұлтанға жеткізген еді. Оған Қылмыстық кодекстің "Әлеуметтiк, ұлттық, рулық, нәсiлдiк, тектік-топтық немесе дiни алауыздықты қоздыру" бабы бойынша (174-баптың 1-бөлігі) айып таққан. Бұл бап бойынша жеті жылға дейiн бас бостандығын шектеу не сол мерзiмге бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған еді.

Біләш бірнеше ай Нұр-Сұлтанда үйқамақта отырған. Кейін Нұр-Сұлтан соты оның ісін Алматыға қарауға жіберген.

Бұрын Шыңжаңда тұрған этникалық қазақ Серікжан Біләш Қазақстанға келген соң "Атажұрт еріктілері" ұйымына жетекшілік етті. Ұйым 2017 жылдың көктемінен бастап Қытай билігінің аз ұлттарға көрсетіп жатқан қысымына қарсы шығып, Алматыда түрлі жиындар мен баспасөз мәслихатын өткізді. Туған-туыстары мен жақындары Шыңжаңда қамауда отырғандардан сұхбат алып, видеоларды Youtube және Facebook әлеуметтік желісіндегі парақшаларында үздіксіз жариялап келген. Қазақстан билігі бұл ұйымды бірнеше рет тіркеуден бас тартты.

Халықаралық Human Rights Watch ұйымы тамыздың басында Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа ашық хат жазып, Серікжан Біләшті босатуды талап еткен. Ұйым "Қазақстан билігі араздықты қоздыру бабын белсенділердің аузын жабу үшін қолданып жатыр" деп айыптады.

29 шілдеде америкалық Freedom Now үкіметтік емес ұйымы БҰҰ адам құқығы жөніндері жоғарғы комиссариатынан Серікжан Біләштің жағдайына байланысты жедел шара қолдануды сұрады.

Соңғы апталарда Қазақстанда Серікжан Біләшті қолдау акциялары өткен. Шараны ұйымдастырушылар Қазақстан билігінен Біләшті босатуды талап еткен.

Дереккөз: Азаттық радиосы

19 тамыз 2019, 13:35

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.