Атырау, 20 сәуір 00:36
 ашықВ Атырау +27
$ 446.49
€ 475.38
₽ 4.79

Қаза тапқан қорықшы Нұрғалиевтің ісі сотқа жіберілді

3 497 просмотра


Мемлекеттік "Охотзоопром" мекемесінің 2019 жылы қаңтарда браконьерлер қолынан қаза тапқан инспекторы Ерлан Нұрғалиевтің өлімінен соң қозғалған іс сотқа жіберілді.

Прокуратура жіберген іс Қарағанды облыстық мамандандырылған ауданааралық қылмыстық сотында қаралады. 14 тамызда сот Азаттық тілшісіне іс құжаттарының түскенін растады. Істің қашан қарала бастайтыны әзірге белгісіз.

Бұл іс бойынша жеті адам сотқа тартылады. "Адам өлтіру", "заңсыз аңшылықпен айналысу" айыбы тағылған үш азамат қазір қамауда отыр. "Заңсыз аңшылық" бабымен күдікке ілінген төрт адамға бостандығынан айырудан өзге бұлтартпау шарасы қабылданған.

Биыл 13 қаңтарда қорықшы Ерлан Нұрғалиев браконьерлер қолынан мерт болған. Toyota Land Cruiser көлігіндегі браконьерлер екі қорықшы Петр Ницык пен Ерлан Нұрғалиевке қарсылық танытып, шабуылдаған.

Ауыл шаруашылығы министрлігінің ақпараты бойынша, көліктен түскен "шымыр денелі қарулы" адамдар инспекторларды ұрып, із жасырған. Қатты жараланған екі инспекторды кейін өзге әріптестері тауып алған. Ерлан Нұрғалиевті 14 қаңтарда туыстары Астанадағы №1 қалалық емханаға жеткізген. Бір тәуліктен артық ес-түссіз жатқан Нұрғалиев 15 қаңтарда қайтыс болған.

Биыл шілдеде "Охотзоопромның" тағы бір инспекторы 43 жастағы Қаныш Нұртазинов браконьерлер қолынан қаза тапты. Оның серігі Самат Оспановқа Джерзинск қаласындағы ауруханада операция жасалды. Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің дерегінше, 23 шілдеде шамамен түскі 11.00-де қорықшылар Ақмола облысы Жарқайың ауданы аумағында киіктерді атып жүрген браконьерлерді байқап қалып, ұстамақ болған. Кейін "Нива" көлігінде отырғандар қорықшыларға оқ атқан. Қаза тапқан Нұртазиновтің артында әйелі мен төрт баласы қалды.

Нұрғалиевтің қазасынан соң үкіметте инспекторларды қорғауды күшейтіп, браконьерлерге жазаны қатаңдату сөз болды. Қорықшылардың жалақысын көбейтіп, оларға браконьерлерге оқ атуға рұқсат ету ұсынысы айтылды.

Дереккөз: Азаттық радиосы

14 тамыз 2019, 11:24

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.