Атырау, 29 наурыз 13:54
 ашықВ Атырау +4
$ 448.15
€ 483.46
₽ 4.86

Шымкентте бір топ тұрғын Мұхтар Жәкішевті босатуды талап етті

2 348 просмотра


4 тамызда таңертең Шымкент орталығындағы Абай саябағында отызға жуық адам "Қазатомөнеркәсіп" компаниясының бұрынғы президенті Мұхтар Жәкішевті қолдап, акция өткізді. Қолдарына "Мұхтар Жәкішевке бостандық!" деген жазуы бар плакат ұстаған азаматтар оның заңсыз қудаланып жатқанын айтып, босатуды талап етті.

- Ол - саяси тұтқын, Оны заңсыз қудалап, азаптап жатыр. 10 жыл ішінде сау адамды үшінші топ мүгедегіне айналдырды. Сондықтан оны мерзімінен бұрын босату керек, - деді акцияға келген азаматтардың бірі Айжан Жолдасова. Ол акция кезінде "Мен бостандығымнан айрылғанмен ар-намысымнан айрылған жоқпын" деп жазылған Жәкішев суреті бар плакат ұстап тұрды. Шараға қатысқандар Жәкішевпен бірге елдегі өзге де саяси тұтқындарды босатуды талап етті.

- Бұл ешқандай митингі емес. Әр адамның өз пікірін айтуға құқығы бар, - деді Гүлжан Ақбаева осыған ұқсас митингілерде полицияның адамдарды ұстап әкеткенін меңзеп.

Басында акцияға келгендер саны 15 адам болғанмен барған сайын олардың қатары көбейе түсті. Жиналғандар саяси тұтқындармен қатар елдегі қоғамдық саяси-мәселелерді: Арыстағы жарылыс, сайлаудың әділ өтпеуі, шикізатқа бай мемлекет халқының кедейлік жағдайында өмір сүріп жатқаны, жәрдемақының дұрыс үлестірілмей отырғанын қозғады.

- Халықтың жағдайы жақсы болса, айлықтары жоғары болса, зауыт-фабрикалар дүрілдеп істеп тұрса көтеріле ме? Әлеуметтік жағдай нашар болғандықтан қаншама адам ажырасып жатыр? Қаншасы пәтер жалдап жүр? - деді тұрғындардың бірі.

Шамамен 20 минуттан соң жиналғандар тарай бастады. Бұған дейін Нұр-Сұлтан, Алматы қалаларында да осыған ұқсас акциялар өткен. Оларға қатысушылар елдегі саяси тұтқындарды босатуды талап еткен. Мұндай акциялардың соңғы кезде жиі өтуіне жақында соттың Мұхтар Жәкішевті түрмеден босатпау туралы шешімі түрткі болған.

24 шілдеде Семей қалалық №2 сотының судьясы Ермек Шымыров "Қазатомөнеркәсіп" ұлттық компаниясының бұрынғы президенті Мұхтар Жәкішевтің мерзімінен бұрын босап шығу туралы өтінішін қанағаттандырмады. Жәкішевтің мемлекет алдында 99 миллиард теңгеден астам қарызы бар екенін айтқан судья оны қамаудан ерте босата алмайтынын айтқан.

Сотта қорғау тарабы екі қылмыстық іс бойынша Жәкішевтің мемлекетке қарызын туыстары өтегенін, "қарызды өтемеу" мерзімінен бұрын босап шығуға кедергі бола алмайтынын айтқан еді. Адвокат Нұрлан Бейсекеевтің сөзінше, прокурор айтқан "қарызды" (99 миллиард теңгеден астам) сотталушы және қорғау тарабы сот үкімі күшіне енгеннен кейін бірнеше жыл өткен соң бір-ақ білген. Осыдан соң Жәкішев мемлекеттен мүгедектігі үшін алатын жәрдемақысын соны өтеу үшін берген.

55 жастағы Мұхтар Жәкішев 2009 жылы мамырда ұсталған соң "сыбайлас жемқорлық қылмысын жасады" деп айыпталып, 14 жылға сотталған. Оған "Венада (Австрия) "Қазатомөнеркәсіп" компаниясының заңсыз өкілдігін ашу арқылы пайда тапты, астыртын касса ұстады, күзетшісіне қосымша еңбекақы төлеп келген" деген айып тағылған еді.

Қазір ол жазасын Семей қаласындағы қатаң режимдегі колонияда өтеп жатыр.

Дереккөз: Азаттық радиосы

4 тамыз 2019, 10:29

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.