Атырау, 29 наурыз 10:39
 ашықВ Атырау +10
$ 448.15
€ 483.46
₽ 4.86

Tilda Қазақстандағы сайттардың IP-адрес бойынша бұғатталуын сынады

1 805 просмотра


Сайт жасауға көмектесетін Tilda танымал платформасы Қазақстандағы сайттардың IP-адрес бойынша бұғатталуын «ескірген және жабайы әдіс» деп атап, «IP-адрестерді үнемдеу» бойынша айыптауларды жоққа шығарды.

Кеңсесі Мәскеуде орналасқан компанияның 31 шілде күнгі хабарламасында Қазақстан аумағындағы көп қолданушының платформа негізінде жасалған сайттарға кіре алмай шағымданғаны жазылған. Онлайн-сервис өздерінің екі IP-адресіне кіру мүмкіндігі шектелгенін және бұл жайт мыңдаған сайттардың бұғатталуына әсер етуі ықтимал екенін айтқан.

Компания 1 тамыз күнгі хабарламасында IP-адрестің "өкілетті органның қаулысымен кіруге болмайтын" rainbow-spa.kz сайтының IP-адресімен сәйкес келетінін жазған. Бұл хабарламада сервис қазақстандық ұлттық телекоммуникация операторының ақпаратына сілтеме жасаған. Қазақстандық оператордың дерегінше, бұл сайт "Бала құқығы" және "БАҚ туралы" заң баптарын бұзған.

Компания түрлі елдегі мемлекеттік ұйымдармен бірлесе жұмыс істейтінін, шарттарды бұзбайтынын, дегенмен "Қазақстандағы бірде-бір инстанциядан бұл ресурсқа байланысты шағым алмағанын" айтады. Tilda сайттарды IP-адрес бойынша бұғаттау қазіргі технология мен шектеу талаптарына сай еместігін алға тартады. Сервис заңға қайшы әрекеттер байқалған жағдайда қолданушыларға арнайы анкета толтырып, жіберуін сұрайды.

Tilda - визуалды конструктор көмегімен дайын "блоктар" негізінде сайт құрастыруға мүмкіндік беретін тегін сервис. Бұл сервисте қазақстандық ондаған кәсіпорын сайты орналасқан. Осы сервисте орналасқан бірқатар сайттар әлі де ашылмайды. Ұлттық оператор әзірге бұл жайтқа түсінктеме берген жоқ.

Қазақстанда сайт, әлеуметтік желі мен блог-платформалардың бұғатталуы жиі кездеседі. Елде біраз уақытқа дейін Tumblr және LiveJournal блог-платформалары жабық болған.

Дереккөз: Азаттық радиосы

2 тамыз 2019, 16:18

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.