Атырау, 24 желтоқсан 16:59
 бұлыңғыр боладыВ Атырау -1
$ 510.18
€ 601.91
₽ 6.51

Қазақстан қажыларының алғашқы легі қажылыққа аттанады

2 159 рет қаралды


Қазақстандықтар қасиетті сапар – қажылыққа бару үшін Сауд Арабиясына ұшуға дайындалып жатыр. Бас мүфти Серікбай қажы Ораз қажылардың алғашқы легінің аттануына орай Алматы әуежайында өтетін рәсімге қатысады. 

Ұлы сауапқа толы ұлық сапарға биылғы жылы еліміз бойынша 3 200 жан (былтырмен салыстырғанда 200 адамға көп) квота бойынша аттанғалы отыр. 5 тамызға дейін барлық қажы діттеген мекендеріне жетуі тиіс, ал 23 тамызға дейін отандастарымыз туған топыраққа табан тірейді. 11-13 тамызда қасиетті Құрбан айт мерекесі тойланады.

"Қажылық кезінде жерлестерімізге отандық SCAT әуе компаниясы мен Сауд Арабиясының Fly Nas әуе компаниясы қызмет көрсетеді. Рейстер биыл Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент, Ақтау қаласынан аттанбақ", - деп хабарлады Қазақстан мұсылмандарының діни басқармасы Sputnik Қазақстанға.

Қажылардың қауіпсіздігі және денсаулығын жіті назарда ұстайтын қажылық миссиясының негізгі құрамында 12 кісі бар. Оған басшылық құрам, уағызшы-имамдар, пәтуашы-ғалымдар, журналистер мен дәрігерлер кіреді.

Исламның бес тірегінің бірі болған қажылық – адамның тақуалығын күшейтіп, шыңдай түсетін уақыт және дін рәміздері мен қасиетті дүниелерін құрметтейтін құлшылық.

Қажылық – пенде болуды, жан-тәнімен бойсұнуды үйрететін құлшылық. Қажы өзі толық түсінбеген амалдарды істеуі қажет болады. Күнделікті дағдыланған киім-кешегін тастап, сәнді заттарды қолданбауы тиіс. Көп күш-қайрат талап ететін тауаф, сағи амалдарын жасауы қажет. Бір тауға барып, белгілі уақытқа дейін күннің ыстығы мен жағдайдың қолайсыздығына қарамай, сонда болуға міндеттеледі. Елсіз Мина жазығында түнеуі керек болады.

Биыл қазақстандықтарды тасымалдаумен 18 туристік фирма айналысады. Олар өздеріне бөлінген квота санына қарай "Эконом", "Стандарт" және "Люкс" қызмет көрсету пакеттерін ұсынады.Турлардың бағасы үш-бес мың доллар шамасында.

Дереккөз: Sputniknews.kz

31 шілде 2019, 09:55

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.