Атырау, 23 сәуір 16:26
 бұлыңғыр боладыВ Атырау +21
$ 445.66
€ 474.58
₽ 4.78

Аружан Саин бала құқығы жөніндегі уәкіл болып тағайындалды

2 293 просмотра


Аружан Саин Қазақстанның бала құқығы жөніндегі омбудсмені қызметіне тағайындалды. Ақорда сайты Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың осындай жарлыққа қол қойғанын хабарлады. Саинды тағайындау туралы қаулыдан бұрын бала құқығы жөніндегі бұрынғы уәкіл Сәуле Айтпаеваның бұл қызметтен босатылғаны хабарланған.

42 жастағы Аружан Саин – тележүргізуші, қоғам қайраткері, ауыр дертке шалдыққа балаларды шетелде емдету үшін қаржы жинаумен айналысатын "Қайырымдылық" қоғамдық қорының директоры. 2015 жылы оның қоры Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаевтан 300 мың доллар алған. Қазақстандық БАҚ Назарбаев бөлген ақша экс-президенттің "Жібек жолы бейбітшілік сыйлығы" атты Қытайда алған жүлдесімен берілген сыйақының бір бөлігі деп хабарлаған.

Қазақстанда 2006 жылы құрылған бала құқығы жөніндегі уәкіл қызметінің басшысы бір жылдан сәл асатын уақыт ішінде үшінші рет ауысып отыр.

Былтыр, 2018 жылы маусымда алғаш уәкіл қызметін атқарған Зағипа Балиева қызметінен босап, оның орнына қазір сенат депутаты, бұрын прокуратурада істеген Сәуле Айтпаева тағайындалған.

Балиеваның жұмысы былтыр наурызда Түркістан облысы Сарыағаш ауданы Абай ауылындағы “жыныстық зорлыққа ұшырады" деп сипатталған жеті жасар баланың оқиғасы кезінде де талқыланды. Зағипа Балиева Шымкентке келіп, "зәбір көрген" бала мен оның нағашы әжесін Астанаға алып кеткен. Баланың туысқандары "Балиева ұлды шешесіне бермей отыр" деп айыптаған. Қазақстандық желі қолданушылары Балиеваның жұмысын сынап, балалар омбудсмені қызметінен кетуді талап еткен.

Балиева бұл айыптауларға қатысты пікір білдірмеген. Тек "зардап шеккен баланың" қайта тексерілетінін мәлімдеген. "Зорланған бала" ісі бойынша сот үкімі биыл қаңтарда шықты. 2002 жылы туған айыпталушы "сексуалдық сипаттағы зорлық-зомбылық әрекет жасау" бабымен айыпты деп танылып, 7 жылға бас бостандығынан айырылды.

Дереккөз: azattyq.org 

19 шілде 2019, 10:34

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.