Атырау, 19 сәуір 13:45
 ашықВ Атырау +23
$ 447.40
€ 477.55
₽ 4.76

Астана күні наразылық кезінде ұсталып, қамалған белсенділер аштық жариялады

2 395 просмотра


Алматыда "Бейбіт жиын өткізу тәртібін бұзды" (Әкімшілік кодекстің 488-бабы) деп айыпталып, 10 тәулікке қамалған азаматтық белсенді Қанат Тұрдалиев пен Әнуар Данияров изоляторда аштық жариялады. Бұл туралы Азаттыққа 11 шілдеде олардың адвокаты Ермұрат Мұқанов хабарлады.

Қамаудағы азаматтар өздерінің заң бұзбағанын, шыққан сот шешіміне нарзылығын білдіріп, 10 шілдеде аштық жариялаған.

Нұр-Сұлтан тұрғындары Қанат Тұрдалиев пен Әнуар Данияров 6 шілдеде Алматыға келген. Алматы қалалық мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының қаулысында сол күні кешке қаладағы орталық стадион маңында өткен наразылық шарасына «белсенді қатысқан» деп жазылған. Сотта екеуі өздерінің стадион маңында наразылар арасында болғанын растаған.

Шілденің 6-сы күні Қазақстанда астана күні аталып өтіп жатқанда елдің ірі қалаларында азаматтар наразылыққа шығып, қазіргі биліктің саясатын сынаған еді. Полиция "жәй қыдырып жүрмін" деген азаматтарды да ұстаған.

6 шілде – елде Астана күні. Бұл мереке елді 30 жыл басқарып, президенттіктен кеткен Нұрсұлтан Назарбаевтың туған күнімен тұспа-тұс келеді. Осы күні Нұр-Сұлтан мен Алматыда наразылық шарасы кезінде полиция "жүзден астам адамды" ұстаған. Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаевтың сөзінше, сот 19 адамды әкімшілік қамауға алып, 23 адамға айыппұл салған. Қалғандарымен "профилактикалық әңгіме жүргізілген". Қазақстан билігі "ұсталғандар заңсыз митингіге қатысуға талпыныс жасады" деп санайды.

Халықты 6 шілдеде билікке қарсы наразылық білдіруге Қазақстанда тыйым салынған "Қазақстанның демократиялық таңдауы" (ҚДТ) қозғалысының жетекшісі, 2009 жылдан бері шетелде тұратын Мұхтар Әблязов шақырған.

2018 жылы наурызда Қазақстан соты ҚДТ қозғалысын "экстремистік ұйым" деп танып, елдегі қызметіне тыйым салған. Ал Әблязовтың үстінен "тапсырыспен адам өлтірді, ірі көлемде ақша жымқырды" деп қылмыстық іс қозғап, өмір бойы түрме жазасына кескен. Ал Әблязов бұл айыптардың саяси астары бар деп санайды.

1 мамырда және 9 маусымда елде билікке қарсы наразылық шаралары өтіп, халық Тоқаевтың президенттікке келуіне күмән келтіріп, билік жүйесінің өзгеруін талап етті.

Ресми Нұр-Сұлтан наразылық шараларын «заңсыз, рұқсат етілмеген» деп санайды. Ал митингіге қатысушыларды «арандатушылар» дейді. Митинг кезінде адамдарды күштеп ұстаған полицияның әрекетін Қазақстан билігі «заңға сай» деп есептейді. Наразылық шарасында полицияның адамдарды күштеп ұстауын БҰҰ адам құқығы жөніндегі кеңсесі, Human Rights Watch және ЕҚЫҰ да сынаған.

Дереккөз: Азаттық радиосы

11 шілде 2019, 14:41

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.