
Шілденің 6-сы күні елде астана күні аталып өтіп жатқанда Алматы мен Нұр-Сұлтанда полиция "рұқсат етілмеген митингіге" шыққан ондаған азаматты ұстады.
Шілденің 6-сы күні кешкі сағат 19:00 шамасында Алматыдағы орталық стадион маңы полиция мен арнайы жасақ өкілдеріне толы болды. Олар Балуан Шолақ спорт сарайы алдында жүрген адамдардан не үшін келгенін сұрап, кейіннен ұстай бастады.
Оқиға орнында жүрген Азаттық тілшілері кемінде отыз адамның ұсталғанына куә болды.
Есімін Сәлима Қағазбаева деп таныстырған азамат "Шаршағандықтан келдік. 27 жыл бойғы алдау. Биліктің тұтас кеткенін қалаймыз. Бәрі кетсін. Еркіндік болғанын қалаймыз. Өміріміз өтіп барады. Балаларымның өмірі бұдан да нашар болғанын қаламаймын" деп айта бастап еді, оны сөйлеп тұрған жерінен полиция қызметкерлері ұстап әкетті.
Ұсталғандардың бірі "Шал кет!", "Қазақстан, алға!" деп айғайлады. Қарсыласқанына қарамастан полиция оның қолын қайырып, автозэкке отырғызып әкетті.
Алматы қалалық полиция департаменті бастығының орынбасары Бектұр Ізбасаров Абай мен Байтұрсынов көшесі маңында сәкіде отырған азаматтарға "бұл заңсыз митинг, 10 минут уақыт берем, егер бұл жерден кетпесеңіздер, ұстаймыз" деп ескертті.
Ұсталғандар арасында полицияға "митингке келген жоқпын, жәй қыдырып жүрмін" дегендер де болды. Құқық қорғау қызметкерлері оған да қарамай күдікке ілінген азаматтардың бәрін машинаға отырғызып, алып кетіп жатты.
Тұрғындарды таратуға тырысқан полициямен қатар оқиға орнында Бостандық ауданының әкімі Алтай Рақымбеков және Алмалы ауданының әкімі Төреғали Бекқалиев те жүрді. Олар азаматтарға митингтің заңсыз екенін ескертіп, оған қатысқандарға жаза қолданылатынын ескертті.
Азаттық тілшісі кешкі сағат 20:00 шамасында стадион жақта шамамен 70 адамның ұсталғанын хабарлады.
Дәл осы уақытта Нұр-Сұлтанда да полиция министрліктер үйіне жақын Республика даңғылы маңында жүрген адамдарды ұстады.
Ұсталғандардың нақты саны әзірге белгісіз. Бірақ тікелей эфирде ақпарат таратып жатқан Азаттық тілшілерінің шамалауынша, олардың саны жиырмадан асады. Бір әйел Азаттық тілшісіне 15 жастағы ұлымен жағалауда қыдырып жүрген кезде полицияның кәмелетке толмаған ұлын ұстап әкеткенін айтты.
Қолшатыр ұстаған маска таққан, қара түсті киім киген белгісіз азаматтар Азаттықтың түсірілім тобына кедергі жасады. Олар қолшатырмен камера бетін көлегейлеп, азаматтарды ұстап жатқан полиция әрекетін түсіруге бөгет жасады. Олар бұған қоса, Азаттықтың түсірілім тобының штативін сындырған. Журналистер полицияға шағымданғанмен тілшілер өтінішіне құлақ асқан полиция қызметкері болмады.
Азаттықтың Шымкенттегі тілшісі де қалада кемінде отыз шақты адамның ұсталғанын хабарлады. Төмендегі видеодан полиция машинасына кішкентай балаларды да отырғызып жатқаны көрінеді.
Қазақстанда 6 шілде астана күні ретінде тойланады.
Бұған дейін өзін қазіргі биліктің оппоненті ретінде атайтын, бұрынғы банкир Мұхтар Әблязов 6 шілдеде азаматтарды жаппай наразылық шарасына шақырған еді. Ол құрған "Қазақстанның демократиялық таңдауы" (ҚДТ) қозғалысы Қазақстанда экстремистік ұйым деп танылған. Қозғалыс тұрақты түрде жақтастарын үкіметке қарсы митингілерге шығуға шақырып келеді. "Ақша жымқырды", "адам өлтіруге тапсырыс берді" және өзге де айыптар тағылған Әблязов сырттай өмірлік жазаға кесілген. Әблязовтың өзі бұл айыптарды жоққа шығарып, істің саясиланғанын, биліктің өзінен өш алғысы келетінін айтқан.
Бұған дейін бас прокуратура 6 шілдеде заңсыз митингке қатысқандар жазаланады деп ескерткен еді.
Дереккөз: Азаттық радиосы
В Атырау +1