
Қаржы министрі Әлихан Смайылов 4 шілдеде өткен сенат отырысында жарылыстан бүлінген елдің оңтүстігіндегі Арыс қаласын қалпына келтіру үшін 34,4 миллиард теңге қажет екенін айтты. "Бұл бірнеше бағыт бойынша жұмыс істеу үшін" керек деді.
- Арыс тұрғындарына 100 мың теңге көлемінде ақшалай өтемақы беру үшін 4,5 миллиард теңге керек. Үкімет резервінен - 2,5 милииард теңге, Түркістан облыстық бюджетінен - 1 миллиард теңге және қайырымдылық көмек есебінен 1,5 миллиард теңге бөлінеді, - деді министр.
Оның айтуынша, Арыстағы 7 700-ден астам тұрғын үйді жөндеуге 19,2 миллиард теңге кетеді. Қажет қаражаттың жартысы түрлі өңірлердің бюджет есебінен алынады, қалған ақша үкімет резервінен бөлінеді деді министр.
- 66 әлеуметтік нысанды қалпына келтіруге 7 миллиард теңге керек. Бұл - 54 білім беру, 8 денсаулық сақтау, 4 спорт объектілері. 6 миллиард теңгені "Самұрық-Қазына" бөледі. 1 миллиард теңге бизнес қауымынан келеді, - деді министр.
Оның айтуынша, қаладағы электр желілері мен жылу жүйелерін, инфрақұрылымды жөндеу үшін үкімет резервінен 2,2 миллиард теңге бөлінбек. Бәрін қосқанда қаланы қалпына келтіруге қаражат төмендегідей орындардан алынады:
Үкімет резерві 15,5 миллиард теңге; Жергілікті бюджет 10,6 миллиард теңге; "Самұрық-Қазына" қоры 6 миллиард теңге; Демеуші, гуманитарлық көмек 2,5 миллиард теңге.
Дереккөз: Азаттық радиосы
В Атырау 0