
Қазақстан билігі Арыстағы жарылысқа қатысты қылмыстық іс қозғап, жүзден астам адамнан жауап алған. Бұл туралы 3 шілдеде Орталық коммуникация қызметінде өткен брифингідн Казақстан бас әскери прокурорының орынбасары Дархан Ержанов хабарлады.
Ержановтың сөзінше, қазір №44859 әскери бөліміндегі 1-артеллериялық қоймада оқ-дәрі жарылған соң Қылмыстық кодекстің 462-бабы (Қару-жарақпен, қауіпті заттармен жұмыс істеу қағидаларын бұзу) бойынша тергеу жүріп жатыр.
Әскери прокуратура өкілінің сөзінше, жарылыстың себебі әлі анықталмаған, нақты күдікті жоқ.
"Жарылысқа түрткі болған барлық себепті, оның ішінде өртке қарсы қауіпсіздік ережелерін сақтамау, қызметкерлердің салғырттығы сияқты нұсқаларды қарастырып жатырмыз" деді Ержанов.
Әскери прокуратура оқ-дәрі сақталатын қоймалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бөлінген бюджеттік қаражаттың қалай игерілгенін, жарылғыш заттардың қалай сақталғанын да тексеретінін мәлімдеді.
Арыс қаласында бұған дейін бірнеше рет жарылыс болған. 2015 жылы қарашада қаладағы полигон аумағындағы жарылыстан бір адам мерт болған еді. Билік жарылыс әскери оқ-дәрі мен өндіріс қалдықтарын жою кезінде болған деп хабарлаған.
2014 жылы Арыстағы "Қазақжарылысөнеркәсібі" акционерлік қоғамы аумағында болған жарылыс салдарынан екі адам қаза тапқан.
Он жыл бұрын, 2009 жылы наурызда Арыстағы қоймада жарылғыш заттар жарылып, сақтаулы тұрған оқ-дәрі атылған. Ол оқиғадан төрт адам қаза тауып, жиырмаға тарта адам жапа шеккен еді. Билік жарылысқа қоймадағы қарудың дұрыс сақталмауы және жарылғыш затпен дұрыс жұмыс істемеу себеп болды деп мәлімдеген.
Дереккөз: Азаттық радиосы
В Атырау +1