
Әкесі баласын арматурамен ұрды деген іс бойынша тергеудің жан-жақты жүргізілуін Алматы облыстық полиция департаментінің басшылығы өз бақылауына алды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Бұл іс бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 140-бабына сәйкес сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды. Қазіргі уақытта баланың әкесінің мекенжайы анықталып, аудандық полиция басқармасына жеткізілді. Одан оқиғаға қатысты тиісті жауап алынды. Сонымен қатар, жедел іздестіру шаралары барысында полицейлер баланың анасын да іздеп тапты. Тергеу ісін Алматы облысы Полиция департаментінің басшылығы өз бақылауына алды»,-деді Алматы облыстық Полиция департаментінің баспасөз қызметінен. Оқиға Алматы облысындағы Еңбекшіқазақ ауданында болған.
Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін әлеуметтік желіде 8 жастағы баланы әкесі арматурамен ұрғаны баяндалған видео тарағанын хабарлаған болатынбыз. Баланың өміріне араша түскен журналист Гүлмира Абықай мұндай бассыздықты «отбасылық кикілжің» деп қарамауды сұрайды. «8 жасар баланы өз әкесі арматурамен ұрып, өлімші күйге жеткізген. Анасы да дәл осындай күйде бас сауғалап қашып кеткен. Алматы облыстық ауруханаға түскен бала «Көмектесіңізші!!! Әкемді 20 жылға қамауға бола ма?» деп жалынады. Ертең ауруханадан шықса оны заң бойынша жалғыз туысы әкесіне ғана береді» деп жазған журналист Гүлмира Абықай өзінің facebook-тегі жеке парақшасында.
Дереккөз: inform.kz
В Атырау 0