Атырау, 28 наурыз 19:49
 ашықВ Атырау 0
$ 449.58
€ 486.94
₽ 4.86

Арыстағы жарылыс салдарынан үшінші адамның қаза тапқаны белгілі болды

3 034 просмотра


Арыс қаласындағы әскери бөлімшенің оқ-дәрі қоймасындағы жарылыстардың салдарынан үшінші адам қаза тапты. Бұл туралы ҚР ІІМ Төтенше жағдайлар комитетінің ресми өкілі Нұрсұлтан Нұрахметов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. 

«Түркістан облыстық денсаулық сақтау басқармасының мәліметтеріне сәйкес, медициналық көмекке 70 адам жүгініп, оның 45-і ауруханаға жатқызылды. 3 адам қаза тапты. Арыс қаласынан жалпы 3 500-ден астам адам эвакуацияланды. Шымкент қаласы мен Түркістан облысы аудандарындағы эвакуациялық пунктерге 1 700 адам орналастырылған.  Тәулік бойы жұмыс істеп тұрған қауырт желіге бүкіл республикадан 13 мың 490 қоңырау келіп түсті», - деді ол. 

26 маусым күні таңғы сағат 06.00-дегі жағдай бойынша, төтенше жағдайды және оның салдарын жою орнында ІІМ күштері мен құралдары тобынан жеке құрамның 1 251 маманы мен 188 техникасы шоғырландырылған.

«Оның ішінде азаматтық қорғаныс органдарының 346 маманы мен 48 техникасы, полицияның 358 қызметкері мен 75 техникасы, Ұлттық ұланның 547 әскери қызметшісі мен 65 техникасы бар», - деді ол. 

Оның атап өтуінше, Арыс қаласының аумағында Төтеше жағдайлар комитетінің өрт сөндіру қызметінің күшімен 52, оның ішінде бір дәмхана ғимараты, 24 тұрғын үй, 10 қора-қопсы және 17 табиғи өрт сөндірілген. 

«Түркістан облыстық полиция департаментінің, Ұлттық ұланның қызметкерлері Арыс қаласын қоршауға алу және шолғындау шараларын жүзеге асырып жатыр. Қала төңірегінде бекеттер де қойылған. Облыстық полиция департаментінің қызметкерлері  үш тонау фактісінің алдын алды»,  - деді ресми өкіл. 

Н.Нұрахметовтің дерегінше, Қорғаныс министрлігі ұшқышсыз ұшатын аппараттарды қолдану арқылы жүргізген аэровизуалды барлау нәтижесінде әскери бөлім аумағында бықсыған оттың 3 ошағы анықталған. Аталған министрліктің 145 маманнан жасақталған 14 саперлер тобы  Арыс қаласының аумағын, теміржол бойы мен станса маңын, әскери бөлім маңайын жарылмай қалған оқ-дәрілерден тазалау жұмыстарын жүргізіп жатыр. Жарылмай қалған 24 снаряд табылды және олар арнайы техникамен қауіпсіз аймаққа шығарылатын болады.

Дереккөз: inform.kz

26 маусым 2019, 10:46

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.