Атырау, 24 желтоқсан 03:10
 бұлыңғыр боладыВ Атырау 0
$ 510.18
€ 601.91
₽ 6.51

Біртанов: Арыстағы жарылыстан зардап шеккен 9 адамның жағдайы ауыр

2 254 рет қаралды


Арыстағы жарылыстан кейін барлығы 165 адам дәрігерлер көмегіне жүгінген. Олардың 89-ы ауруханада жатыр. Дәрігерлер 76 адамға алғашқы көмек көрсетіп, жіберген. Бұл туралы 25 маусымда Нұр-Сұлтанда үкімет отырысы кезінде денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов мәлімдеді.

"Ауруханаға түскендердің 15-і жан сақтау бөлімінде жатыр. Тоғыз адамның халі ауыр, олардың екеуі - бала. Бір балаға дәрігерлер операция жасады. Оның жағдайы бір қалыпты" деді министр.

Біртановтың сөзінше, зардап шеккендердің көбі Шымкенттегі ауруханаларда жатыр. 24 маусымда Алматыдағы ғылыми-клиникалық институттардың дәрігерлері науқастарға көмек көрсету үшін Шымкентке барған.

24 маусым таңертең Түркістан облысы Арыс елдімекені маңында орналасқан Қазақстан қарулы күштері бөлімдерінің бірінде өрт шығып, салдарынан әскери оқ-дәрі жарылған. Түркістан облысы әкімдігі Арыстағы жарылыстан кейін облыста төтенше жағдай жарияланды.

Жарылыстан кейін шамамен 35 мың адам өз беттерімен бас сауғалап, басқа жаққа кеткен. Кейбірі Түркістан облысы әкімдігі бөлген автобуспен Шымкентке жеткен. Ресми дерек бойынша, қалада 45 мыңға жуық адам тұрады.

Шымкентке жеткізілген Арыс тұрғындарының біразы эвакуациядан кейін өздеріне жағдай жасалмай отырғанына шағымданды. Шымкенттегі "Ақмешіт" мешіті маңында жүргендер көмекті билік емес, қала тұрғындары көрсетіп жатқанын айтады. 

Қазақстан қорғаныс министрлігі Арыс қаласында қазір 500 сапер үйлердің маңы мен темір жолдардың жанында жұмыс істеп жатқанын мәлімдеді.

Дереккөз: Азаттық радиосы

 

25 маусым 2019, 14:27

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.