Атырау, 19 сәуір 20:08
 ашықВ Атырау +19
$ 447.40
€ 477.55
₽ 4.76

ІІМ Арыстағы жарылыстан кейін қылмыстық іс қозғады

2 761 просмотра
Арыс қаласындағы әскери қоймадағы жарылыстан кейін Шымкентке жеткізілген адамдар. 24 маусым 2019 жыл.

Ішкі істер министрлігінің әскери-тергеу басқармасы Арыстағы жарылысқа қатысты қылмыстық іс қозғады. Бұл туралы 24 маусымда министрліктің баспасөз қызметі хабарлады.

Тергеу Қылмыстық кодекстің "Қару және қауіпті заттарды сақтау ережесін бұзу" бабы (462-бап, 1-тармақ) бойынша жүргізілмек.

Министрлік Арыс қаласынан эвакуацияланған тұрғындардың жеке заттары мен үйлерін жүздеген полицей қарауылдайтынын мәлімдеді.

Түркістан облысы әкімдігі облыста төтенше жағдай жариялады. Арыс қаласы мен қала маңындағы елдімекендерден мыңға жуық адам Шымкентке эвакуацияланды. Билік жарылыс себептерін тексеру үшін арнайы комиссия құрды.

24 маусым таңертең Арыстағы әскери қоймада жарылыс болды. Ішкі істер министрлігінің хабарлауынша, Арыстағы Қазақстан қарулы күштері бөлімдерінің бірінде өрт шығып, салдарынан әскери оқ-дәрі жарылған. Қазақстан үкіметі алғашында "жарылыстан зардап шеккендер жоқ" деп хабарлаған.

Кейін Арыс қаласындағы әскери қоймадағы жарылыстан зардап шеккен 25 адам Шымкенттегі № 1 қалалық ауруханаға жеткізілгені хабарланды. Аурухана бас дәрігері Абылай Донбай халі ауыр үш адам жан сақтау бөліміне жатқызылғанын айтты. Бұдан бөлек, Отырар ауданындағы орталық ауруханасында Арыстағы жарылыстан жапа шеккен 34 адамға медициналық көмек көрсетілген.

Дереккөз: Азаттық радиосы

 

24 маусым 2019, 17:20

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.