Атырау, 20 сәуір 05:43
 ашықВ Атырау +27
$ 446.49
€ 475.38
₽ 4.79

Арыстағы жарылыс: халі ауыр үш адам жан сақтау бөліміне жатқызылды

Бейнежазба
4 875 просмотра


Маусымның 24-і күні таңертең Арыс қаласындағы әскери қоймада шыққан өрт жарылыстарға ұласып, ондаған адам зардап шекті. Түркістан облысы әкімі төтенше жағдай жариялап, тұрғындарды қаладан көшіру туралы шешім қабылданды.

Дүйсенбі, маусымның 24-і күні таңертең Түркістан облысындағы Арыс қаласында орналасқан әскери бөлімінің қоймасында өрт шығып, оның соңы жарылысқа ұласқан. Бұл туралы Қазақстан қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.

"Түркістан облысы Арыс елдімекені маңында орналасқан Қазақстан қарулы күштері бөлімдерінің бірінде өрт шығып, салдарынан әскери оқ-дәрі жарылған. Қазіргі кезге келіп түскен ақпарат бойынша, зардап шеккендер жоқ. Оқиғаның себебі анықталып жатыр" деп хабарлады министрлік.

Билік орындары жарылыстан зардап шеккен жиырма шақты адам Шымкенттегі № 1 қалалық ауруханаға жеткізілгені туралы хабарлады. Оның төртеуі - бала. Аурухана бас дәрігері Абылай Донбайдың айтуынша, халі ауыр үш адам жан сақтау бөліміне жатқызылған. Бұған қоса, Отырар аудандық ауруханасында Арыстағы жарылыстан зардап шеккен 34 адамға медициналық көмек көрсетілген.

Нұр-Сұлтанда журналистер сұрағына жауап берген Қазақстан қорғаныс министрінің орынбасары Тимур Дәндібаев "Төтенше жағдайдың ауқымы мен себебі туралы ақпарат жоқ" деді. Сондай-ақ ол жарылыс болған әскери қоймада қанша қару-жарақ пен қарудың қандай түрлері сақталғанын айтқан жоқ. Оның сөзінше, "өрт шыққан жердегі отты сөндіру жұмыстары жалғасып жатыр".

Қазақстан ішкі істер министрлігінің Төтенше жағдайлар комитеті өкілі Нұрсұлтан Нұрахметтің айтуынша, әскери қоймада өрт шығып, жарылыс болғаны жайлы суыт хабар таңертеңгі сағат 9.20 кезінде түскен. Нұрахмет қоймадағы жарылыстан соң әскери бөлімше аумағы өртенгенін, отты сөндіруге ондаған адам мен арнайы техника жұмылдырылғанын хабарлады.

40 мың адам тұратын Арыс қаласындағы төтенше оқиға туралы ақпарат әлеуметтік желіде лезде тарады. Жергілікті тұрғындар жарылыс болған сәт түсірілген видеоларды жариялады. Онда қуатты жарылыстан кейін әуеге қою түтін көтерілгенін байқауға болады.


Әлеуметтік желіде жарияланған кей видеоларда тұтқиылдан болған жарылыстан үрейленген адамдардың кейібеуі көлікпен, кейбірі жаяу-жалпы қашып бара жатқаны бейнеленген.


Facebook қолданушы Ноябрь Кенжеғараев парақшасында жариялаған видеода жарылыс садарынан жергілікті тұрғынның үйінің төбесі ойылып, терезелері қирап қалғанын көреуге болады.

Желі қолданушылары "бірнеше [әскери] снаряд жарылды" деп хабарлап жатыр.

Өзін Арыс тұрғынымын деп таныстырған Нұрдәулет Жолболды Facebook-парақшасына "осымен 10-рет жарылған аппақ дүмпу көрінді" деп жазды. Ол Азаттық тілшісіне Арыстағы "туыстарының өз бетімен қауіпсіз жерге көшіп жатқанын" айтты.

Азаттықтың Шымкенттегі тілшісі Арыс қаласына баратын көлік жолы жабылғанын хабарлады. Азаттыққа өзін Жанат Әбілқасымовамын деп таныстырған тұрғын Арыстан балаларын алып Шымкентке кетуге мәжбүр болғанын айтады.

- Жарылыс болып жатыр. Таңертең сағат тоғыз жарымда басталған. Басында шөп өртеніп жатыр ма деп ойлағам. Біраздан кейін ысқырып келіп түсіп, снарядтар жарыла бастады. Оны көрген соң жеңіл көлікке мініп қаштық, үйден тек жеке құжатымызды алып қана үлгердік. Қазір Шымкентке, туысыма келе жатырмыз, - дейді ол.

Арыс әкімдігі өкілдерінің хабарлауынша, №44856 әскери бөлім аумағындағы әскери бөлімде өрт шығып, жарылыс болғаны туралы ақпарат дүйсенбі күні өртке қарсы қызметтің кезекші бөліміне жергілікті уақытпен таңертеңгі сағат 9:20 кезінде түскен.

"Қазіргі кезде өрт сөндіру, тұрғындарды көшіру жұмыстары жүргізіліп, зардап шеккендердің бар-жоғы анықталып жатыр" деп хабарлады жергілікті әкімдік.

Түркістан облысы әкімі Өмірзақ Шөкеев аймақта төтенше жағдай жарияланғанын хабарлады. Облыс әкімдігі Ордабасы және Отырар ауданында әрқайсысы жүз орындық екі госпиталь ашылғанын хабарлады. Түркістан облыстық төтенше жағдай комитетінің мәліметі бойынша, 15 эвакуациялық бекет ашылған.

Арыстағы әскери полигон аумағында бұған дейін бірнеше рет жарылыс болған.

2015 жылы қарашада қаладағы полигон аумағында жарылыс болып, бір адам мерт болған еді. Ресми ақпарат бойынша, жарылыс әскери оқ-дәрілер мен өндіріс қалдықтарын жою кезінде болған.

2014 жылы Арыстағы "Қазақжарылысөнеркәсібі" акционерлік қоғамы аумағында болған жарылыс салдарынан екі адам қаза тапқан.

Он жыл бұрын, 2009 жылы наурызда Арыстағы қоймада жарылғыш заттар жарылып, сақтаулы тұрған оқ-дәрі атылған. Ол оқиғадан төрт адам қаза тауып, жиырмаға тарта адам жапа шеккен еді. Ресми билік жарылысқа қоймадағы қарудың дұрыс сақталмауы және жарылғыш затпен дұрыс жұмыс істемеу себеп болды деп мәлімдеген.

Дереккөз: Азаттық радиосы

 

24 маусым 2019, 14:23

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.