Атырау, 20 сәуір 00:17
 ашықВ Атырау +27
$ 446.49
€ 475.38
₽ 4.79

Алматыдағы Астана алаңы маңында полиция жүздей адамды ұстады

2 481 просмотра

Димаш Әлжанов. Алматы, 12 маусым 2019 жыл.
12 маусымда 19.30 шамасында Алматыдағы Астана алаңында полиция кем дегенде жүз адамды ұстап әкетті. Бұл туралы сол маңда жүрген Азаттық тілшісі хабарлады.

Тілшінің айтуынша, полиция сол маңда жүрген адамдарды «құжатын тексереміз» деп автобустарға апарған. Кейін осы маңға келгендерді жаппай ұстай бастаған.Ұсталғандар арасында азаматтық белсенді Димаш Әлжанов бар. Ол полиция әкетіп бара жатқанда «Оян, Қазақстан!» деп айқайлаған. Әлжанов бастаған бір топ белсенді жас жақында «Оян, Қазақстан!» деген қозғалыс құрған.

12 маусымда Алматы, Нұр-Сұлтанда, Шымкентте қауіпсіздік шаралары күшейіп, көшеде полиция қарасы көбейген. Алматы тұрғындарының біразы басшылықтары жұмыстан ертерек қайтарғанын, балабақшадан балаларын ерте алып кеткендерін айтып жатыр. Кейбір тұрғындар қалада дүкендер, дәріханалар мен сауда орталықтары жабылғанын айтады.

Елде тыйым салған "Қазақстанның демократиялық таңдауы" қозғалысының жетекшісі, қуғындағы банкир Мұхтар Әблязов 12 маусымда азаматтарды Алматыда шеруге шығуға шақырған.

12 маусымда Нұр-Сұлтандағы Тәуелсіз сарайында Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевты ұлықтау рәсімі өтті. Тоқаевты ұлықтау рәсімі елде билікке қарсы азаматтардың наразылығы күшейген тұста болды. Осы күні бас прокуратура бейбіт митинг туралы заң ережесін бұзғандар жауапқа тартылатынын кезекті рет рет ескертіп, мәлімдеме жасады.

Қазақстан азаматтары президент сайлауына дауыс берген 9 маусымда және сайлаудың алдын ала қорытындысы жарияланған келесі күні Алматы мен Нұр-Сұлтанда, ресми мәлімет бойынша, 700-ге жуық адам ұсталған. Құқық қорғаушылар билік ұсталғандар санын "тым азайтып көрсетті", ұсталғандардың әкімшілік жауапқа тартылғаны және қай жерде қамауда отырғаны туралы туыстарына хабарламады деп мәлімдеді. Бұған дейін ішкі істер министрлігі Нұр-Сұлтанда ұсталған 200-ге жуық азамат өзге елді мекендерге жеткізілгенін хабарлаған. Билік ешқандай мәлімет бермей отырған ұсталған азаматтардың аты-жөнін анықтаумен еріктілер айналысып жатыр.

Құқық қорғаушылар биліктен полицияның 9 және 10 маусымда азаматтарды ұстаған кезде қатыгездік танытуы мен "азаматтардың құқығын жаппай бұзу" фактілерін, соның ішінде бейбіт жиын, шеру мен пикет өткізу құқығын бұзуды мұқият тексеруді талап еткен.

10 маусымда Нұр-Сұлтандағы баспасөз мәслихатында Қасым-Жомарт Тоқаев елде азаматтардың "өз еркін білдіру бостандығы толық көлемде сақталып отыр" деп мәлімдеді.

Дереккөз: Азаттық радиосы

12 маусым 2019, 23:11

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.