
Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев маусымның 6-сы күні мемлекеттік "Хабар" арнасына берген сұхбатында "наразылық білдірген көп балалы әйелдердің бәріне пәтер беру мүмкін еместігін" айтты. Министрдің сөзінше "жауапкершіліктің бәрін мемлекет мойнына артып қоюға болмайды, өйткені мемлекет көп балалы отбасыларға онсыз да көмек көрсетіп отыр",- деп хабарлады Азаттық.
“Көп балалы отбасыларға атаулы әлеуметтік көмек беріліп жатыр. Орташа есеппен бір отбасыға 100 мың теңгеден астам көмек беріледі. Бұдан бөлек мектептерде олардың балаларына тегін тамақ, қоғамдық көлікте жеңілдікпен жүру, оқуға түсерде квота қарастырылған. Бар жауапкершіліктен бас тартып, бәрін мемлекет мойнына артып қою қаншалықты дұрыс? Осы уақыт бойы әкімдікті қоршаған көп балалы аналардың ешқайсысы өкінішке қарай жұмысқа орналастыруды, біліктілігін арттыруды, тым болмағанда күйеулерінің жалақысын көтеруді талап еткен жоқ. Бәрі бір ғана нәрсені талап етті: "міне, қазір баспана беріңдер, несие беріңдер" деді” деген Абаев сұхбатында.
3 маусымда Нұр-Сұлтанда ондаған ана Ақорда мен Үкімет үйі маңына барып «әкім мен министрдің уәдесінен шаршағанын», Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен премьер-министр Асқар Маминнің шығуын талап еткен. Олар әлеуметтік жағдайларын жақсартуды, биліктен баспанамен қамтамасыз етуді талап еткен.
Наразы аналардың бірі "Біз тегін баспана сұрамаймыз. Бізге айына 30-40 мың теңге төлейтіндей етіп үй беріңдер" деген еді.
Ашынған аналар "астананың атын өзгертуге келгенде, қымбат-қымбат шараларды өткізуге келгенде мемлекет ақша табады, ал аналардың талаптарын неге орындай алмайды?" деп шағымданған еді.
Ал көп балалы аналарды қабылдаған Қазақстан президенті әкімшілігінің жетекшісі Бақытжан Сағынтаев баспана сұраған аналардың талабының заңды-заңсыздығын қарастыратын мәлімдеді.
Дереккөз: azattyq.org
В Атырау -11