Атырау, 24 мамыр 12:10
Күндіз бұлтты+21, кешке +18
ҚР Ұлттық банкінің валюта бағамы: $ 378.01  € 420.88  P 5.84

1 мамырда митингіге шыққан үш азаматтың үстінен экстремизм бабымен іс қозғалды

15 мамыр 12:12

Оксана Шевчук Алматыдағы наразылық шарасында. 1 мамыр 2019 жыл.
Алматыда үш азаматтың – Жазира Демеуова, Гүлзипа Жәукерова және Оксана Шевчуктің үстінен елде тыйым салынған "Қазақстанның демократиялық таңдауы" қозғалысының қызметіне қатысты деген айыппен іс қозғалды. 


Бұл туралы Демеуованың адвокаты Гүлнара Жуаспаева хабарлады. Үш азаматқа 405-баптың 2-тармағы (Экстремизм мен терроризмге байланысты елде сот шешімімен тыйым салынған ұйымның жұмысына қатысу – ред.) бойынша күдікті статусы берілген.

Демеуова, Шевчук және Жәукерова 1 мамырда Алматыда өткен наразылық кезінде ұсталған. Полиция олардың кейбірін 9 мамырда да ұстаған.

Жуаспаеваның сөзінше, 1 мамырдағы наразылықтан соң "бейбіт жиын өткізу ережесін бұзды" деп танылып, 50 500 теңге айыппұлға кесілген екі азаматтың – Демеуова мен Жәукерованың үстінен тап сол факт бойынша қылмыстық іс қозғалған. Жуаспаева "бұл заңға қайшы" дейді. Жазира Демеуова 9 мамыр күнгі парадқа қатысуға барғанын, бірақ полицейлер алаңда жүрген 26 жастағы қызын ұстап әкеткен соң өзі де Алматы қалалық полиция департаментіне баруға мәжбүр болғанын айтады.

- 1 мамырда айыппұл салған соң мені аңдып, қудалай бастады. 9 мамырда отбасыммен парадқа шықтық. Қызымнан "Сенің анаң Демеуова ма?" деп сұрады. Ол "иә" деген соң, полицейлер қызымды ұстап әкетті. Ештеңе істемесем де, қызымды әкету үшін полиция департаментіне бардым. Сондағылар жеке куәлігімді көре сала, қолыма кісен салып, үстімнен экстремизм бабы бойынша іс қозғалғанын айтты. Артынша үйіме апарып, тінту жүргізді. Бүкіл гаджетті, компьютерді, флешкамды алып қойды. Мұнан соң қайта департаменке келіп, мені 48 сағат жертөледе тергеді, - деді Демеуова.

Күдікті статусы берілген үш азаматтың бірі Жәукерованың адвокаты Гүлайым Сыздықова қорғауындағы азаматты полиция 9 мамырда үйінен алып кеткенін айтады. Адвокаттың сөзінше, полиция Жәукерованың да үйін тінтіген.

- Оның ноутбук, телефондарының бәрін полиция қылмыстық іс бойынша алып кетті. Ал 50 500 теңге айыппұл салынған әкімшілік іс бойынша қаулыны қолымызға 13 мамырда ғана алдық. Сот шешімін міндетті түрде апелляцияға береміз, - деді ол.

Үшінші күдікті Оксана Шевчук туралы Азаттық бұған дейін жазған. Оларды Алматы қалалық полиция департаментінің тергеушісі Толғанай Ержанова тергеген. Азаттық полиция департаменімен хабарласуға тырысқанымен, байланысудың сәті түспеді. Ержанова Шевчук ісіне қатысты да пікір білдіруден бас тартқан.

1 мамырда Қазақстанның бірнеше қаласында билікке қарсы наразылық шарасы өтті. Наразылар "Біздің өз таңдауымыз бар!", "Тоқаев біздің президент емес!", "Дариға спикер емес!", "Нұр-Сұлтан астанамыз емес!", "АЭС-ке қарсымыз!", "Халық пікірімен санасыңыздар", "Көп балалы аналарға жәрдем берілсін!", "Шындықтан қашып құтылмайсың!", "Шал, кет!" деп айқайлады.

Ішкі істер министрлігі 1 мамырда Нұр-Сұлтан мен Алматыда шамамен 80 адамның ұсталғанын хабарлады. Алайда нақты қанша адамның әкімшілік жауапқа тартылғаны туралы дерек жоқ. Азаттықтың анықтауынша, наразылықтан соң жиырмадан аса адам жауапқа тартылған. Сотқа тартылғандар саны бұдан көп болуы мүмкін.

Дереккөз: Азаттық радиосы

Нашли ошибку? Выделите её мышью и нажмите Ctrl + Enter.

Есть, чем поделиться по теме этой статьи? Расскажите нам. Присылайте ваши новости и видео на наш WhatsApp +7 707 37 300 37 и на editors@azh.kz

 

445 рет қаралдыБасты бет Поделиться:

Подпишитесь и узнавайте о новостях первыми


Басты бет

Наш WhatsApp номер для новостей:
1 2 3 4 5 6 7