Атырау, 20 сәуір 16:51
 ашықВ Атырау +26
$ 446.49
€ 475.38
₽ 4.79

Әсия Төлесова аштық жариялады

3 051 просмотра


Алматыдағы марафон кезінде "Шындықтан қашып құтылмайсың" деген баннер ілгені үшін билік 15 тәулікке қамаған белсенді Әсия Төлесова сот шешіміне наразылық ретінде әкімшілік жауапқа тартылғандарды қамауда ұстайтын мекемеде сәуірдің 23-інен бері аштық жариялап жатыр. Бұл туралы оның адвокаты Жанар Балғабаева хабарлады. Оның айтуынша, Төлесова аштық акциясын бостандыққа шыққанға дейін жалғастыруды ұйғарған.

- Әсия астан бас тартты, тек су ғана ішеді, қазір дәрігердің бақылауында. Әзірге оның жағдайы тұрақты, - деді Балғабаева Азаттыққа.

Адвокаттың сөзінше, Төлесова өзін темекі тартатын адаммен бірге қамауда ұстап отырғанына шағым айтқан.

Азаттық бұл мәселеге байланысты Алматы полиция департаментінің арнайы мекемесінің бастығы Алмасбек Қахаровтан сұрауға тырысты. Мекеме кезекшісі басшының жұмыс орнында жоқ екенін және қашан болатынын білмейтінін айтып жауап берді. Алматы полиция департаментінің баспасөз хаттшысы Салтанат Әзірбектен ақпарат алу мүмкін болмады.

Адвокат Жанар Балғабаева Төлесованы қамауға алу туралы Алматы әкімшілік сотының шешімі мен апелляциялық алқаның ұйғарымына наразылық білдіріп Жоғарғы сотқа кассациялық шағым түсіретінін айтты.

Алматы әкімшілік соты 21 сәуірде қаладағы марафон кезінде жол бойына "Шындықтан қашып құтылмайсың" деген жазуы бар плакат ілгені үшін белсенділер 34 жастағы Әсия Төлесова мен 20 жастағы Бейбарыс Толымбековті 15 тәулікке қамауға қаулы еткен. Баннерде "#меніңтаңдауымбар #adilsailayuzhin" деген жазулар да болған. Төлесова мен Толымбеков баннерді 9 маусымда өтетін кезектен тыс президент сайлауына көпшіліктің назарын аударып, сайлауды әділ өткізуге шақыру мақсатында ілгендерін айтқан.

Сот осы акцияны камераға түсірген тағы үш белсенді - Сүйінбике Сүлейменова, Айдос Нұрболатов және Айгүл Нұрболатованы да "митинг өткізу тәртібін бұзды" деп танып, 50 500 теңге (130 доллардан астам) айыппұл салған.

Халықаралық құқық қорғау ұйымдары - Freedom House және Amnesty International Қазақстан билігін Әсия Төлесова мен Бейбарыс Толымбековті босатуға шақырды. Алматылық белсенділер қамаудағыларға қолдау білдірді. Чехия, Франция және Ұлыбританияда оқитын қазақстандық студенттер осы елдердегі Қазақстанның дипломатиялық өкілдіктері алдында Алматыда қамауда отырған Төлесова мен Толымбековті қолдап, "Шындықтан құтыла алмайсың" акциясын өткізді.

Дереккөз: Азаттық радиосы

26 сәуір 2019, 17:23

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.