Атырау, 26 сәуір 07:51
 ашықВ Атырау +28
$ 444.22
€ 476.38
₽ 4.82

"Ұлт тағдыры" қозғалысы Әміржан Қосановты президенттікке кандидат ретінде ұсынды

2 852 просмотра


"Ұлт тағдыры" қозғалысы 9 маусымда өтетін кезектен тыс президент сайлауына Әміржан Қосановты кандидат ретінде ұсынды. Бұл шешім қозғалыстың 26 сәуірде Алматыда өткен жиынында қабылданды.

Қосанов президент болса "елдегі экономикалық мәселелерді шешетінін, партияларды тіркеу жолын жеңілдететінін, парламент сайлауына барлық партиялардың қатысуына мүмкіндік жасайтынын" айтты.

Қосанов Орталық сайлау комиссиясы кандидатурасын тіркесе, сайлауда негізгі қарсыласы "Нұр Отан" партиясының кандидаты Қасым-Жомарт Тоқаев болатынын жеткізді.

"Тоқаевтың әкімшілік ресурсы мықты. Бірақ менің артымда халық тұр. Теледебатқа да дайынмын" деді ол.

Қазақстанда кезектен тыс президент сайлауы 9 маусымда өтеді. Ерте сайлауға кандидаттар ұсыну 28 сәуірге дейін жалғасады, кандидаттарды тіркеу 11 мамырда аяқталады.

Қазірге дейін саяси партиялар мен қоғамдық бірлестіктерден ұсынылған кандидаттар:

Сәдібек Түгел - "Ұлы дала қырандары" республикалық қозғалысы (тіл емтиханынан өтті);

Қасым-Жомарт Тоқаев - "Нұр Отан" партиясы (тіл емтиханынан өтті);

Амангелді Таспихов - Қазақстан кәсіподақтар федерациясы (ОСК-ға құжаттарын тапсырды);

Дания Еспаева - "Ақ жол" партиясы;

Төлеутай Рақымбеков - "Ауыл" партиясы;

Жамбыл Ахметбеков - Қазақстан коммунистік халық партиясы.

Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы сайлауға бойкот жариялады.

Дереккөз: Азаттық радиосы

 

26 сәуір 2019, 14:02

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.