Атырау облыстық экология департаменті экологиялық заңнаманы бұзғаны үшін АМӨЗ-ге 31,5 млн теңге айыппұл салды. Департаменттің жоспардан тыс тексеру жұмыстарының нәтижелері бойынша зауытқа қатысты ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексінің 331-бабы («Атмосфераға шығарындыларды тазалауға және сарқынды суларды ағызуға арналған жабдықты пайдалану қағидаларын бұзу, сондай-ақ оны пайдаланбау») және 328-бабына («Қоршаған ортаға эмиссиялар нормативтерiнiң асып кетуi») сәйкес әкімшілік істер қозғалды. Бірінші бап бойынша айыппұл 252 500 теңге, екінші бап бойынша – 31 374 501 теңге.
«Технологиялық процеске сәйкес сарқынды сулар механикалық тазарту құрылғысының (МТҚ) жүйесі арқылы алдын ала механикалық тазартудан өтеді. Содан кейін биологиялық тазарту құрылғысына (БТҚ) желі арқылы түсіп, сарқынды сулардың нормативтік-тазарту каналына шығарылады.
БТҚ-дағы жөндеу жұмыстарына байланысты «А» желісі тоқтатылып, сарқынды сулар «В» желісіне ауыстырылды. Бұл желідегі жүктемені көбейтіп, қоршаған ортаға эмиссия нормативтерінің асып кетуіне себеп болды», - деп хабарлайды экология департаментіндегілер.
Зауыттың өнеркәсіптік сарқынды сулары негізінен Сасықсай булану алаңына құйылады. Жақында өткен брифингте Атырау облыстық табиғи ресурстар басқармасының басшысы Қадыржан АРЫСТАН Сасықсайды қайта жаңғырту жобасы әзірленіп жатқанын хабарлады.
Бұдан басқа, экология департаменті бүгінде АМӨЗ тарапынан қоршаған ортаға тигізілген зиянды есептеуде.
Нұргүл ХАЙРУЛЛИНА