«Республикалық атмосфералық ауаны қорғау ғылыми-зерттеу орталығы» ЖШС мамандары Атырау қаласының шеңберіндегі электромагнитті өрісті зерттеген болатын.
Ғалымдар жоғары деңгейдегі электромагниттік сәулесі бар аймақта болу қолайсыз салдарға апарып соғатынын дәлелдеген: адамда шаршау, лоқсу, бас ауруы байқалады. Нормативтен әжептәуір асып кеткен кезде жүрек, ми, орталық нерв жүйесі сырқатқа ұшырауы мүмкін. Сәулелену адам психикасына да әсер етуі мүмкін, ашушаңдық пайда болып, адамның өзін бақылауға алуы қиынға түседі.
– Телемұнараға, облыстық әкімдік маңы мен Абай көшесінің бойында орналасқан «Қазақтелеком» компаниясының екі кеңсесіне жақын жерге, «Қазгидромет» РМҚК маңына, порттық телемұнара орналасқан Ширина поселкесіне, Атырау халықаралық әуежай аумағына өлшеу жұмыстары жүргізілді, - дейді орталықтың ғылыми қызметкері Елдар АХМЕТОВ.
Көрініс объективті болу үшін электромагниттік сәулелену көзінен бірнеше жиіліктегі диапазон бойынша төрт жақтан өлшеу жүргізілген.
– Қазіргі кезде зерттеу нәтижелері жасақталып жатыр. Алынған мәліметтер бойынша электромагниттік сәулеленудің шекті деңгейден асып кетпегені анықталды,- деп атап өтті орталықтағылар.
Тамара СУХОМЛИНОВА