АҚШ Иранның элиталық Ислам революциялық сақшылар корпусын (ИРСК) халықаралық террорлық ұйым деп таныды. Бұл туралы 8 сәуірде АҚШ президенті Дональд Трамп мәлімдеді.
Трамп мәлімдемесінде Вашингтон "террорлық ұйымдарды қолдаған Иранға" қаржылық қысым күшейе беретінін айтты.
"АҚШ алғаш рет белгілі бір елдің үкіметінің бір бөлшегін халықаралық террорлық ұйым деп таныды. Иран билігі басқа елдердің үкіметі ұстанған негізгі құндылықтарды сақтамай отыр" деді Трамп.
Сарапшылар "АҚШ-тың әскери шенеуніктері бұл тәжірибені Вашингтонға ұнамаған басқа елдерге де қолдануы мүмкін" деп қауіптенеді.
7 сәуірде АҚШ басылымдары "Вашингтон Иранның элиталық Ислам революциялық сақшылар корпусын (ИРСК) халықаралық террорлық ұйым деп танитынын" хабарлаған. Осы хабарламадан кейін Иранның элиталық Ислам революциялық сақшылар корпусының жетекшісі Мохаммед Али Джафари "Вашингтон корпусты террорлық ұйым деп таныса, АҚШ әскерилері аймақтағы қауіпсіздігінен айырылады" деген.
"Америка әскері мен қауіпсіздік күштерінің ақымақтығынан Батыс Азия аймағында қазіргідей тыныштық жоғалады" деген Мохаммед Али Джафари.
Иран депутаттары АҚШ-қа жауап болатынын мәлімдеді.
Дереккөз: Азаттық радиосы