Британ премьер-министрі Тереза Мэй кезекті рет депутаттардан Брексит жөніндегі келісімді қолдауды сұрады. Оның сөзінше, таңдау жасайтын уақыт келді. Яғни не Еуроодақтан келісіммен шығу керек не одан бөлінуден бас тарту қажет.
Естеріңізде болса, Brexit жөніндегі келісім наурыздың соңында күшіне енуі керек болатын. Алайда құжат қабылданбағандықтан Еуроодақтан шығу кейінге қалдырылды. Енді Лондон 12 сәуірге дейін аталған мәселені шешудің басқа жолын ұсынуы қажет. Осы ретте Тереза Мэй тығырықтан шығу үшін оппозиция лидері Джереми Корбинмен келіссөздер жүргізуде.
Алайда Премьер-министрдің мұндай қадамын оның жақтастары сатқындық деп бағалауда. Сондықтан келіссөздер сәтті аяқталған жағдайда премьер-министр партиясында жікке бөлінушілік орын алуы мүмкін.
Тереза Мэй, Ұлыбритания премьер-министрі:
- Парламент Ұлыбританияның одақтан келісімсіз шығуын қабылдамайтынын нақты жеткізді. Енді алдымызда мынадай таңдау тұр: Еуроодақтан келісіммен шығу немесе одан мүлдем шықпау. Бұл мәселе ұзаққа созылған сайын Ұлыбританияның одақтан ешқашан шықпай қалу қаупі арта түспек.
Бұл британдықтардың дауысы босқа кететінін білдіреді. Өз басым бұған қарсымын. Халықтың қалауын жүзеге асыруымыз өте маңызды. Ол үшін келісімді қабылдауымыз қажет.
Дереккөз: 24.kz