Елдің экс-басшысы Атамбаев жарты сағат бойы сөз сөйлеп, қазіргі президент Сооронбай Жээнбековты сынға алды. Атамбаевтың ойынша, жаңа мембасшы бұрынғының жақтастарын әділетсіз қудалап жатыр екен.
Сондай-ақ, саясаткер ІІМ мен ҰҚК басшыларынан заңды бұзбауды өтінді.
"Биыл мен 63-ке толамын. Мен өзімді әулиемін деп айта алмаймын: мен қателестім, адамдардың алдында кінәлі болдым. Бірақ мен шынайы мұсылман ретінде әрдайым өз кінәмді мойындаймын. Алдамаймын. Өйткені халықты алдауға болады. Сен бес рет намаз оқитының туралы да айта салуыңа болады, бірақ Құдайды алдай алмайсың. Егер сенде күнә болса, ол туралы ашық айту керек. Халықтан емес, Құдайдан қорқу керек", - деді ол.
"30 жыл бұрын Құдай маған байлық берді. Мен қала орталығында мешіт салу үшін жер таптым. Қала шетіндегі барлық зауытты сол кезде сатып алдым, барлық директормен келіссөз жүргіздім. Өмірдің барлық қиындығынан өттім. Қазір маған байлық немесе билік қажет емес. Қырғызстанда таза билік, әділ билік болғанын қалаймын. Жас балалардың қаны бекерге төгілмеген болуы керек. Осыған дейін сөз сөйлеушілердің айтуынша, 2005 жылы наурыз төңкерісін Бәкиев ұрлап кеткен, ал қазіргі билік сәуір революциясының жемісін ұрлап жатыр, осы үшін алаңдаймын", - деді Атамбаев.
Оның айтуынша, қазіргі билік ешқандай кінәсіз адамдарды түрмеге отырғызып жатыр екен.
"Мені де отырғызуға тырысып жатыр. Мені атып тастағаны дұрыс, мен өзімді құрбандыққа беруге дайынмын, тек халқымның қаны төгілмесе екен. Мен алданып қалдым, оны мойындаймын. Қоршаған ортадағы бәрі Сооронбай сенің досың дегенде қалай алданбайсың? Конституцияда президент азаматтардың құқықтары мен бостандықтарының кепілі екені жазылған. Бірақ оның орнына ол оларды шектейді", - деді экс-президент.
"Біздің елімізде тыныштық орнауы - ең маңыздысы. Бірақ егер билік осылай келіп, адамдарға күш құрылымдарын айтақтайтын болса, онда бәрі басқаша аяқталады. Наурыз оқиғасынан кейін милиционерлер униформаны киюден қалай қорқатынын еске түсіріңіз. Халықтың ашулануы қауіпті және оны тоқтатуға болмайды. Және бұл үшін сізге айтамын: тоқтаңыз... Мен Жээнбековке жеткізгім келеді - тоқта, тоқтат мұныңды", - деді Атамбаев.
"Егер мен оны айтпасам, онда кім айтады? Егер мен шықпасам, кім шығады? Егер қажет болса, бір күні мен таяқ алып, жалғыз өзім-ақ "Ақ үйге" барамын. Егер олар әрі қарай жалғастыратын болса. Мен тек бір заттан ғана қорқамын: егер біреудің қаны төгілетін болса, онда бәрі осы Жээнбековті әкелген Атамбаев деп айтады. Мен осы үшін уайымдаймын. Сол себепті мен оған бірінші болып қарсы тұрамын. Олар Атамбаевты қашып кетеді деп үміттенеді, бірақ аузымды жабудың жалғыз жолы - өлтіру. Мен түрмеде үнсіз болмаймын. Мен Құдай алдында және халық алдында таза болдым, қашуға еш себеп жоқ. Бұл - менің Отаным! Мен - Ақаев пен Бәкиев басқарған кезеңдерді көрдім. Қантөгісті және революция жасаудың керегі жоқ. Бұдан қаскөйлер ғана пайда көреді. Халыққа бейбітшілік пен тыныштық қажет", - деді Атамбаев шеруде.
Митинг-реквиемнен кейін СДПК мүшелері егер Сооранбай Жээнбеков қателіктерді түзетпесе, Атамбаев пен оның жақтастары биылғы маусымда қайтадан шеруге шығатынын айтқан.
Дереккөз: tengrinews.kz