«Атырау су арнасы» КМК Махамбет ауданы Алмалы ауылының тұрғындары үшін су тарифін бекіту бойынша қоғамдық тыңдау өткізбекші. Жиын 15 сәуірде сағат 11-де ауыл мәдениет үйінде болады. Монополист ұсынатын сома алмалылықтарды есеңгіретіп тастайтын шығар.
«АСА» облыс әкімінің қаулысы негізінде Алмалы және Береке ауылдарын өткен жылдың қараша айынан бері сумен қамтамасыз етіп келеді. Ауылдағы су тазарту құрылғылары мен су құбыры желілері АСА балансына берілді.
«Бірнеше жыл бұрын Береке ауылында салынған №5 сүзгі станциясы жұмыс істемей тұр. Бүгінгі күні қалалық құрылыс бөлімінің тапсырысы бойынша “Павлодарэнергопроект” оны қайта жаңғырту бойынша ЖСҚ дайындап жатыр» деп жазды редакцияның сауалына жолдаған жауабында «АСА» КМК директорының міндетін атқарушы Арман КЕНЖЕҒАЛИЕВ.
Сонымен, Алмалы ауылы үшін ұсынылған тариф – 1 текшеметр су үшін 1626,09 теңге, бұл Атырау қаласымен салыстырғанда 10 есе жоғары.
Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ