Жылыой ауданының орталығы - Құлсары қаласындағы көпқатарлы 87 үй тұрғындарының жартысына жуығы орталық жылу желісі беретін жылудың аздығына байланысты 2000-жылдардан бері рұқсатсыз дербес қазандықтар орнатып алған. Бұл енді жергілікті биліктің күрмеуі қиын мәселесіне айналған.
- Біз тауарлық газды жеткізуші ретінде тұтынушылар тарапынан қауіпсіздік талаптары өрескел және жиі бұзылатынына куә боламыз. Осыған дейін аудан, қала басшыларына, коммуналдық шаруашылық бөліміне бірнеше хат жібергенімізбен, еш нәтиже көре алмай келеміз. Заңсыз қазандықтарды ажыратуды ешкім жауапкершілігіне алғысы келмейді, - дейді «Жылыойгаз» ЖШС-нің директоры Ғалым ЖАҚАШ. - Жылдан-жылға осындай заң бұзушылықтар көбейіп отыр. Оқыстан бір үйде қазандықтан жарылыс болса онда ол көп қабатты үйдегі бірнеше пәтерге қауіп төндіретіні анық.
Дегенмен, көп қабатты үйлердің бірінші қабатында орналасқан 58 кәсіпкерлік нысан мәжбүрлі түрде заңсыз қазандықтан ажыратылып, орталық жылу жүйесіне қосылған. Бірақ кейбір кәсіпкерлер жылудың мардымсыз болатыны жөнінде шағымданған. Тіпті, кейбірі орынжайларының суықтығына байланысты кәсіпкерлік жұмысын тоқтата тұруға мәжбүр болғандарын айтады.
Жылыой ауданы әкімінің орынбасары Қахарман БАҒЫНОВ:
- Заңсыз жүргізілген мыңдаған пәтердегі жылу қазандығын бір күнде ажырату мүмкін емес. Біз мұны кезең-кезеңімен жүзеге асыруға жұмыстанамыз. Мәселен, қаладағы №2 ықшамаудандағы 132 пәтер иесін сотқа беріп, оның 53-і ортақ келісімге келсе, қалғанымен соттасып жатырмыз. Біз келесі жылдың аяғына дейін осы ықшамаудандағы пәтерлерді орталық жылу қазандығына қосатын боламыз. Сосын басқа аудандарға көшеміз. Ал орталық жылу қазандығының қуаты толық жетеді.
Басқа мәселелерге келсек, көп қабатты үйлердің көбінде ПИК болмағандықтан кейбір үйлердің сыртқы қаптамалары түсіп, кіреберістер (подъезд) қоқысқа, жертөлелер суға толған.
Қаладағы жылу мен су, канализация жүйесі «Жылыойсу» КМК-ге жүктелген. Кәсіпорын директоры Спартак ТОҚСАНБАЕВТЫҢ айтуынша, шілдеден бері 87 үйдің 24-інде жертөлелерді құрғату жұмысы жүріп, канализация мен су құбырлары ауыстырылған. Енді жұмыстарды ПИК қабылдап алуы тиіс, алайда мұндай ұйым жоқ. Аудандық ТКШ бөлімінің айтуынша, қала тұрғындары келісімшартқа отырмаған.
- 2013 жылы он үйді біріктіріп, ПИК құрдық, жертөлені құрғату, айналасын тазарту, ағаштар егу, т. б. жұмыстарды жүргіздік, - дейді «Жылыойтазалық» ЖШС директоры Бауыржан ӘБДІРАХМАНОВ. - Бастапқыда халық ісімізге риза болып, қолдағандай болып еді. Бірақ ақша төлеуге келгенде олар одан бас тартып, біз 3 миллион 800 мың теңге зиян шектік. Амал жоқ, ПИК-ті жабуға тура келді.
Ләззат ҚАРАЖАНОВА
Суретті түсірген автор