Жақында мессенджеріме қызықты бейнежазба келді. Онда шағын орынжайда үйілген жыртылған картон қораптары мен басқа да қағаз қоқыстарының арасында мектеп оқулықтары да жүр екен. Олардың кейбіреулері, кадр сыртындағы адамның растауынша, мүлдем жаңа оқулықтар. Мәселен, ағылшын тілі оқулығы.
Осы сюжет авторы арқылы бұл орынжайдың макулатура жинап, нығыздайтын қойма екені екенін білдім. Мектеп оқулықтарының бұл жерге қалай түскенін нақтылау үшін оның қожайынына хабарластым.
- Кітаптар ескірген, оның мазмұны жаңа оқу бағдарламасына сай келмейді, сондықтан мектептер оларды есептен шығарып, кәдеге жаратуға жіберген, - деп жауап берді қойма қожайыны.
Шынымен ескірген бе, тексеру үшін кітап дүкендерінің біріне бардым. Біз бейнежазбаны сатушы кеңесшімен бірге көрдік. Оның айтуынша, сары мұқабалы ағылшын оқулығынан басқа оқулықтардың басым бөлігі шынымен де мектептерге жарамсыз екен:
- Ал мына сары кітап бізде бар. Оқу жылы басталар алдында осы кітапты бәрі таласып-тармасып алды. Оқулық пен жұмыс дәптері жиынтыққа кіреді. Қазір балалар осы оқулық бойынша оқып жатыр.
«Дүрлігу болған ба?»- деп елең ете қалып, «АЖ» сайтының іздеу қызметінен «оқулықтар» деген сөзді тердім (айтпақшы, жақсы жұмыс жасайды, қолдануға кеңес беремін).
«Оқулықтар мен әдістемелік әдебиеттерді сатып алуға 945 миллион теңге бөлінді. Келісімшарттар жасалды, оқулықтар мектептерге 15-25 тамыз аралығында жеткізіледі, айтпақшы, 5 миллион теңге қаржы бөлінді. Оқулықтар бәріне жетеді, - деп тамыздағы брифингте қалалық білім беру бөлімі бастығының орынбасары Ерлан ҚАБДЕНОВ сенімді түрде мәлімдеген.
Бағасы 7 мың теңге тұратын ағылшын тілі оқулықтарын алу үшін ата-аналардың кітап дүкендерінде дүрліккеніне қарағанда, оқулықтар бәріне жете қоймағанға ұқсайды. Бірақ қажет әрі қымбат тұратын оқулықтар макулатура қоймасына қалай келген? Қалалық білім беру бөлімінің әдіскері Людмила Алексеевна алдымен ескірген оқулықтарды есептен шығару тәртібі туралы әңгімелеп берді:
- Әр мектепте оқулықтарды есептен шығарған кезде белгілі бір кітаптың қандай себептермен есептен шығарылатынын тексеретін арнайы комиссия құрылады. Оқу құралы тозуына немесе бүлінуіне байланысты жарамсыз болып қалады немесе жаңа оқу бағдарламасына сәйкес келмейді.
Людмила Алексеевна да бейнежазбамен танысып, барлық оқулықтардың дерлік ескіргенін растады. Бірақ сары ағылшын тілі оқулығы оның қызығушылығын тудырды:
- Бұл балаларға қажет оқулықтар, ол макулатураға қалай түскен? Кітапта қай мектептің мөрі тұрғанын қойма иесінен біле аласыз ба?
Мен, әрине, білуге тырыстым, бірақ сары кітап ендігі жоқ екен. Қандай мөр басылғанын анықтау қойма иесінің құзырында да емес қой, оның өз міндеті, өз бизнесі бар дегендей.
Сәл кейінірек, Людмила Алексеевнадан мектептерге тексеру жүргізіліп жатқанын білдім:
- Біз қоймада қандай оқулықтар болғанын білуіміз керек. Егер бұл Pupil’s book болса, онда олар оқу үшін жарамды, ал егер ол тек негізгі кітапқа қосымша ретінде жүретін жұмыс дәптері болса, онда ол жарамсыз, өйткені оған жаттығулар орындалып, жазулар жазылған. Қоймаларды да тексереміз.
Жақын арада хабар күтем. Бірақ тексеру нәтижелері туралы ресми сауал жолдаймын. Біреуі болмаса біреуінің 7 мың теңгесі қалтасында қалар. Ал мектеп бағдарламасының үздіксіз өзгеруі салдарынан қаншама қағаздың ысырап болып жатқаны ақылға сыйымсыз.
Анастасия АЛЮШИНА