Атырау, 27 сәуір 01:40
 ашықВ Атырау +24
$ 443.35
€ 475.54
₽ 4.82

​Бірыңғай жиынтық төлем қандай мүмкіндіктер береді

2 407 просмотра


Бүгін Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне халықтың жұмыспен қамтылуын формализациялау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы бірінші оқылымда мақұлданды, деп хабарлайды ҚазАқпарат

«Заң жобасының негізгі жаңалығы бейресми жұмыспен қамтылғандардың қызметін 2019 жылғы 1 қаңтардан бастап салық органдарында тіркеудің жеңілдетілген тәртібін көздейтін жаңа құқықтық режімді, яғни Бірыңғай жиынтық төлемді (БЖТ) енгізу болып табылады. Республика экономикасында жалпы жұмыспен қамтылғандардың 16 пайызы (1 млн 376 мың адам) бейресми жұмыспен қамтылғандар, оның ішінде 800 мыңға жуық жалдамалы жұмыскер еңбек шартынсыз жұмыс істейді және 588  мың адам өзін-өзі жұмыспен қамтығандар», - деп тоқталды ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Мәдина Әбілқасымова. 

Ағымдағы жағдай көрсеткендей, жұмыстың бейресми түрінде болуына салық органдарында тіркелу әрі есептен шығу кедергілері, төлем жүйелерінің көптігі және салық режімін анықтаудың қиындығы әсер етеді. 

«Бейресми жұмыспен қамтылғандардың қызметін тіркеуді жеңілдету үшін Бірыңғай жиынтық төлемді енгізу ұсынылады. Бірыңғай жиынтық төлемді төлеу бейресми жұмыспен қамтылғандардың қызметін тіркеумен қатар, міндетті медициналық және әлеуметтік сақтандыру, зейнетақымен қамсыздандыру жүйелеріне қатысуға мүмкіндік береді. БЖТ жұмыс істейтін Қазақстан азаматтары үшін 4 міндетті төлемді бір төлеммен алмастырады», - деп нақтылады министр.

Оның сөзіне қарағанда, Бірыңғай жиынтық төлем төлеушілер үшін кіріс салығы және әлеуметтік төлемдер бойынша ең төмен ставкалар республикалық маңызы бар қалаларда, Астанада және облыстық маңызы бар қалаларда 1 айлық есептік көрсеткіш (2 525 теңге), басқа елді мекендерде - 0,5 АЕК деңгейінде белгіленді. 

Бірыңғай жиынтық төлемнің үлесі: жеке табыс салығы - 10 пайызды; - Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорына әлеуметтік аударымдар - 20 пайызды; Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына зейнетақы төлемдері - 30 пайызды; Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына аударымдар 40  пайызды құрайды.

Бірыңғай жиынтық төлем сауда нысандарын қоса алғанда, коммерциялық жылжымайтын мүлік нысан аумағында қызмет көрсететін жеке тұлғаларға; тұрғын үйді қоспағанда, мүлікті жалға беретін адамдарға; жеке практикамен айналысатын адамдарға; оралмандарды қоспағанда, шетелдiктер мен азаматтығы жоқ адамдарға; дара кәсіпкер ретінде мемлекеттік тіркелген адамдарға қолданылмайды.

«Осылайша, бірыңғай жиынтық төлем жеке тұлғаларға ғана қызмет көрсететін және жеке қосалқы шаруашылығынан түсетін өнімдерді жеке азаматтарға сататын жеке тұлғаларға қолданылады. Азаматтардың қалған санаттарына салық пен әлеуметтік төлемдерді төлеудің қолданыстағы тәртібі сақталады. Бірыңғай жиынтық төлемді енгізу нәтижесінде, 500 мың бейресми жұмыспен қамтылған адамның қызметін формализациялау көзделеді. Сонымен қатар 65,4 мың төлеуші патент және жеңілдетілген декларация негізінде қолданыстағы салық режімінен ауысуы мүмкін», - деді Мәдина Әбілқасымова. 

Жалпы алғанда, БЖТ-ны енгізу бейресми жұмыспен қамтылғандарға Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіне қатысуға және медициналық мекемелерді таңдау құқығымен сомасы мен түрлері шектелмеген медициналық қызметтерге қол жеткізуге мүмкіндік береді. Бұдан бөлек жинақтаушы зейнетақы жүйесіне қатысуға және жүйеге қатысу өтіліне қарай базалық зейнетақы төлемін алуға, сондай-ақ әлеуметтік төлемдер алуға жағдай жасайды.

Дереккөз: inform.kz

14 қараша 2018, 14:28

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.