Атырау, 28 қараша 15:47
 бұлыңғыр боладыВ Атырау +2
$ 499.51
€ 525.83
₽ 4.62

Перетасканы көшiре ме?

2 846 просмотра

Қаланың іргесіндегі Перетаска өзегі маңында тұратын тұрғындар қашан және қайда көшеді? Өткен аптада Жайық-Каспий Орхусс орталығында өткен дөңгелек үстелге қатысқандар осы сауалға жауап алуға тырысты.

“АМӨЗ”-ның мұнайды терең өңдеу кешені жобасының құрылысы жүзеге асырыла бастағаннан бері Атыраудағы Перетаска маңы мен Балықшы аудандары тұрғындарының көңілі күпті. Өйткені, олардың айтуынша, онсыз да желді күні зауыттан жеткен ауадан газ бен күкірт исі аңқиды. 

- БАҚ арқылы біздің үйлеріміздің санитарлық зонаға кіретінін естігелі бері маза кетті. Шынын айтқанда, тұрғындар қазір не істерлерін білмей отыр, тіпті алдағы уақытқа қандай жоспар құрарын білмейді. Себебі, бұл тек баспана мәселесі емес, балаларды  басқа мектептер мен балабақшаларға ауыстыру, үй шаруашылығындағы көптеген мүліктеріміздің бағалануы секілді  алаңдататын жайттар жетерлік. Сондықтан біз, Перетаска тұрғындарын көшірудің қай деңгейде ұйымдастырылып жатқаны, оған шешімді кім қабылдайтыны, біздің мүдделеріміздің  көшіру  барысында қалай ескерілетінін білуіміз керек, - дейді дөңгелек үстелге қатысушы Перетаска тұрғыны  Жәнібек ЖҰМАҒАЛИЕВ.

Перетаска тұрғындары өздерінің жер учаскелері мен үйлерін бағалау әділ түрде, нарық бағамы бойынша жүргізілуін қалап отыр. - Бізге әкімдікке де, зауытқа да қатысы  жоқ тәуелсіз бағалаушы керек, - дейді олар.

Оларды қалалық әкімдіктің өкілі Қайрат КЕНЖАЛИЕВ (суретте) тыныштандыруға тырысты:

- Әрине, тәуелсіз  бағалаушы конкурспен іріктеліп алынады. Әр үй немесе  жер иесімен жеке келісім жасалады. Әкімдік ешкімді ренжітпеуге тырысады. Оның үстіне тұрғындарды көшіруде жинақталған тәжірибе бар, бұған дейін Сарықамыс, Комсомол, Бек-бике ауылдары қоныс аударғанын білесіздер, - деді ол.

- Егер біздер көшірілетін болсақ, онда неге қалалық әкімдік Перетаскадан әлі күнге дейін жер телімдерін беріп отыр?- деп сұрады Надежда ТОЛСТОВА.

- Жыл басынан бері ондаған рұқсаттар берілген. Қалалық әкімдіктегілер оларға «үй салғыларың келсе, сала беріңдер» депті. Енді  бұл үйлердің заңдастырылуға жатпайтындығы  белгілі болды.

Бір өкініштісі сол, Кенжалиев бұл сауалға нақты жауап бере алмады.

Хош иісті көмірсутек өндіру кешені және мұнайды терең өңдеу кешені жобаларының құрылысын техникалық сүйемелдеу жөніндегі “АМӨЗ” департаментінің директоры Дмитрий МАКЕЕВТІҢ айтуынша, дәл қазіргі сәтте “АМӨЗ”, ҚазМұнайГаз және облыстық әкімдік арасында бағалауды өткізу туралы үш тарапты меморандумға қол қойылып, бағалаушының таңдау үшін қызметті сатып алу жұмыстары басталып та кетті.

- Қалдықтардың шығарылуы есебін жүргізу барысында санитарлық қорғау аймағының картасы жасалды. Осы карта бойынша Перетаска поселкесінде тұрғын үй құрылыстарының бір бөлігі санитарлық аймаққа кіреді, ал, қолданыстағы заңдылыққа сәйкес, санитарлық аймақта тұрғын үйлердің салынуына жол берілмейді, - дейді Д.Макеев. – “АМӨЗ” тек бағалаушылардың ғана жұмысын қаржыландырады. Ал, көшіру республикалық бюджеттен қаржыландырылады.

- Көшіру мерзімі нақты белгіленді ме?

- Жоспар бойынша біз мұнайды терең өңдеу кешенінің құрылысын 2015 жылдың аяғына қарай аяқтаймыз деп отырмыз, ол уақытқа дейін санитарлық аймақтарда тұрғын жайлар болмауы тиіс.

Сәния ТОЙКЕН, суретті түсірген автор

20 маусым 2012, 17:28

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.