Жақында Нұрсая ықшам ауданындағы «Сұңқар» тұрғын-үй кешенінің пәтер иелері үй ауласына жиналып, екі жыл бұрын кірген үйлерінің құрылысы әлі күнге дейін толықтай аяқталмағанын айтып, наразылық білдірді. Тұрғындар жиналыстың өтетіндігі туралы алдын ала облыс және қала әкімдігіне хабардар еткенмен, учаскелік полицейлер мен прокуратура өкілдерінен басқа ешкім келмеді.
«АЖ» тілшісіне жиналғандар баяндағандай, «Сұңқар» ТК «Медицина» АҚ тапсырысымен салынған. Тұрғындар осыдан екі жыл бұрын пәтерлерін қолма-қол ақшаға және ипотекалық несие бойынша сатып алған. Қазір үйлердің сатысында тіреуіштер жоқ, сондай-ақ кейбір пәтерлердің еденіне кафель төселмеген, үйдің шатыры салынбаған. Лифтке арналған шахтаның орны бітелген, қашан іске қосылатыны белгісіз. Аулада әлі күнге дейін кран, экскаватор секілді ауыр техникалар тұр, балалар солардың қасында ойнауға мәжбүр.
Биыл ақпан айында тұрғындар облыс әкімі Нұрлан НОҒАЕВТЫҢ атына жолдаған. Әкімдік жауабында «Сұңқар» тұрғын-үй кешеніне жоспардан тыс тексеріс жүргізілгені, тексеру кезінде «ҚР сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы» Заңының 73-бабы 2-тармағы сақталмай, бекітілген жобаға сәйкес толық әзір болмаған құрылыс нысанын қолданысқа қабылдағаны жазылған. Осыған сәйкес, құрылыс нысанын қабылдауға қатысушы заңды және лауазымды тұлғаларға (тапсырыс беруші, мердігер мекемелер, авторлық және техникалық қадағалаушы) ҚР әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексінің 318-бабы бойынша әкімшілік шара қолданылған.
Осыдан кейін облыстық мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасының басшысы Рашит ӘЛІПБАЕВТЫҢ төрағалығымен құрылысқа тапсырыс беруші «Медицина» АҚ және арызданушы тараппен кездесу өткізіліп, кемшіліктерді биылғы жылдың 15-сәуіріне дейін жоюға шешім қабылданған.
– «Медицина» АҚ-мен бұл кездесуге дейін де құрылыс жұмыстарын тез арада бітіруді уәде еткен болатын,- дейді кешеннен үш бөлмелі пәтер алған Дәрмен НҰРҒАЛИ. - Қазір кешенде балаларымыз ойнайтын жер жоқ, айнала қоқыстан, құрылыс материалдарынан толып тұр. Пәтерлерге ыссы су мен салқын су толық берілген жоқ.
«Тунтазов» ЖК-нің бас директоры Муса ТУНТАЗОВ (бас мердігер) тапсырыс беруші компанияның құрылысқа қажетті материалдарға ақшаның аз бөліну себепті тиісті жұмыстарды атқара алмай отырғанын айтады.
- Бізге тапсырыс беруші ақша, материал береді, соған байланысты жұмысымызды жасаймыз. Қазіргі уақытта үйлердің құрылысы 95 пайыз бітіп тұр. Өз араларыңыздан комисия құрып, қанша жұмыстардың біткенін қарап шығуларыңызға болады.
Жиын ортасында келген «Медицина» АҚ-ның сату бөліміндегі менеджері Рустам МИРЗОЕВ барлық сұраққа тек қана басшылық жауап беретінін айтып, еш сөзге келместен кетіп қалды.
Сұрақтарына ешқандай жауап ала алмаған тұрғындар енді төтенше жағдайлар департаментіне, одан әрі прокуратураға арыз жазуға шешім қабылдап, тарқасты.
Кейін бізге «Медицина» АҚ бас директорының орынбасары Искандер МИРЗОЕВ жағдайға түсінік берді.
Оның айтуынша, қазір аумақты аббаттандыру және «ұсақ-түйек» олқылықтарды жою жұмыстары жүріп жатыр. Ал кешігу себебі – бас мердігер «Гимсат» ЖШС-тің кінәсінен болған:
- Құрылысты уақытында тапсыруға бізде жеткілікті қаражат болды. Алайда «Гимсат» ЖШС өз міндеттемелерін дұрыс орындамады, атап айтсақ, сантехникалық жүйе жұмыстарынан жіберген қателіктерінен 30 миллионға жуық теңге жоғалттық. 2016 жылғы маусымда басқа бас мердігер - «Тунтазов» ЖК-мен келісімге отырдық. Жұмыстарды қаржыландыру тоқтаған жоқ.
- Тұрғындар ыстық су және электр жарығымен қамтамасыз етудегі тұрақсыздықтарға шағымданады.
- Ыстық суда да, салқын суда да ешқандай проблема жоқ. Тұрғындардың көпшілігі жылудың линиясын өзгертіп, жылытылатын еден жасап алып отыр. Кешендегі трансформаторлардың бәрі жаңа. Қажет болса тағы біреуін орнатып береміз. Шындығына келгенде, құрылыстың кешеуілдеуіне байланысты 2017 жылдың соңынан бері кешендегі су, жарық, жылуға төленетін коммуналдық төлемдерді «Медицина» АҚ өз мойнына алып, төлеп келеді. Ал лифт жөніне келсек, бес қатарлы үйге лифт қондырылмайды, алайда өз бастамамызбен орнатамыз деп шештік. Қазір лифт шахтасын қауіпсіздік үшін жауып қойдық.
- Кешеннің айналасы құрылыс материалдарының қалдығынан толып тұр. Оның үстіне тұрғындар ауладағы ашық жатқан құдықтар мен ауыр техникалардан балаларына келетін қауіптен қорқады.
- Ашық жатқан құдықтарды жақын арада жауып, арнайы техникаларды техникалар кешеннің сыртына шығарамыз. Қоқыстарды тұрғындардың өздері тастап жатыр.
- Тұрғындардың шағымынан кейін де 15-сәуірде қалған жұмыстардың аяқталатнына уәде берген екенсіздер? Енді жұмыстар қашан аяқталады?
- Иә, біз ол уақытқа дейін тек дәліздердегі жұмыстарды бітіріп беретінімізге уәде еткен болатынбыз. Уәде етілген жұмыстардың 95 пайызы орындалды. Маусым айында үйлерді абаттандырып бітеміз, ал кешен бойынша барлық жұмыстарды шілде айында аяқтауға жоспарлап отырмыз.
Гүлфайруз ТӨРЕМҰРАТОВА
Суреттерді және видеоны түсірген автор