Атырау, 26 қараша 04:18
 ашықВ Атырау -1
$ 498.51
€ 522.84
₽ 4.81

Бас кәсіпкердің Атырауға сапары

Бейнежазба
3 515 просмотра


28 мамырда Атыраудағы «Салтанат сарайында» «Атамекен» ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасының Президиум төрағасы Тимур ҚҰЛЫБАЕВТЫ салтанатпен қарсы алды. Forbes отандық рейтингісінде ең жоғарғы орындардың бірін иемденген президенттің ортаншы күйеу баласы Палатаның Өңірлік кеңесінің кеңейтілген отырысына ұшып келді.

Отырысқа қатысқан облыс әкімі Нұрлан НОҒАЕВ елордалық меймандарға жергілікті шағын және орта бизнестің қалай дамып жатқаны туралы, жақын арада арнайы «Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығының» ашылатындығы туралы әңгімеледі.

Өз сөзінде Құлыбаев қазақстандық бизнес мүдделерін алға бастыруда «Атамекеннің»  нақты күшке айналғанын атап өтті:

- Соңғы 4 жыл ішінде Палатаға 20 мыңнан астам өтініш-шағымдар түсті, көптеген заң жобалары сарапталды, ал заңдар қабылданған кезде біздің ескертулеріміз мен ұсыныстарымыздың 70%-ескерілді. Мысалы, Палатаның қатысуымен ШОБ үшін арнайы салық режимдері және ҚҚС шегі сақталған жаңа Салық кодексі әзірленді, әкімшіліктендіру елеулі жеңілдетілді. Өткен жыл ішінде бизнесті тексеру саны 30%-ға азайды. Осы аптада мемлекет басшысы қолданыстағы заңнамаға енгізілген түзетулерге қол қойды, олардың көпшілігі мемлекеттік аппараттың кәсіпкерлер қауымдастығымен өзара іс-қимылын жақсартуға бағытталған. Биыл біз мемлекеттік органдармен Салық кодексіне өзгертулер енгізу мәселесін талқылауды жалғастырамыз. ШОБ-тен түсетін салықтардың бір бөлігін өңірлерге қалдыру туралы президенттің тапсырмасы бар. Бұл жергілікті бизнеске көмектесу үшін әкімдіктердің қызығушылығын арттырады. Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру бойынша да сұрақтар көп болды, «Атамекен» өтініші бойынша бұл жүйені енгізу 2020 жылға қалдырылды. Осы уақыт ішінде біз медициналық сақтандыруға міндетті аударымдар бойынша бизнес тәсілдерін әзірлеуге тиіспіз.

Құлыбаевтың айтуынша, Палата қызметінің басым бағыттарының бірі – кәсіпкерлік үшін кадрлар дайындау. 2019 жылдың қыркүйек айынан бастап жоғары сыныптарда «Кәсіптік бағдар» және «Экономика және бизнес негіздері» деп аталатын жаңа пәндер оқытылады.

- Кәсіпкерлік негіздері бойынша «Бастау» жобасы ойдағыдай жүзеге асырылуда, адамдарға терең үйрететініміз соншалық, осы уақыт ішінде олар өз жобаларын қорғап үлгереді. Ал біздің міндетіміз - оларға өз ісін ашу үшін шағын несиелер алуға көмектесу.

«Атамекен» ҰКП басқарма төрағасы Абылай МЫРЗАХМЕТОВ:

- «Атамекеннің» тұжырымдамалық позициясы - кәсіпкердің кінәсіздік презумпциясы. Енді мемлекеттік аппарат сервис ретінде әрекет етеді, яғни, кеңес береді, ойға салады және бизнеске әлдебір санкциялар заңсыз әрекеттер қасақана қайталанғаннан кейін ғана қолданылады. Бақылау-қадағалау - бұл жерде толық тексеріс жүргізілді. 500 бақылау саласының үштен бірі іс жүзінде таратылады. Тексеру талаптарының өзі жартысына жуық азайған, олар 30 мың болатын, негізінен бұл санитарлық және өртке қарсы талаптарға қатысты.

Атырау облыстық Кәсіпкерлер палатасының директоры Абдолла ИДРЕСОВ  өткен жылы өздеріне 179 шағым түскенін, оның 97-сі оң шешімін тапқанын атап өтті. Атырауда жер телімдері, инфрақұрылым, жер саудасы, аукциондар және т.б. бойынша бүкіл ақпарат қамтылатын ақпараттық портал жасау жұмысы аяқталды. Портал шілде айының соңында іске қосылады. «Бастау» бағдарламасы бойынша облыста 750 адам оқытылып, оның 130-і қаржылық қолдау тауып, кәсіпкерлік қызметті бастаған, 120 жаңа жұмыс орны ашылған.

Сұрақтар көп болмады, олардың бірін  «Інжу-Маржан» ЖШС директоры Гүлфара ИСМАҒҰЛОВА қойды:

- Балық алау маусымына өте аз уақыт беріледі – көктемгі балық аулау маусымы Жайықта 24 сәуірде, ал теңізде 9 мамырда аяқталады. Оның үстіне, жыл өткен сайын лимит азайып барады. Ал енді, балықшыларға теңізде тыйым салынған аймақтан тысқары жерден балық аулауға рұқсат етілді, бұл жағалау сызығынан оңға және солға қарай 50 км жер. Балықшыларға қиынға соғады, өйткені олардың күнелтетін басқа табыс көзі жоқ.

- Мәселені тыңдадық, өңірді дамыту картасын бірлесіп жасайық, онда балық аулау мәселесі де қамтылады. Осы мәселелерді жүйелі түрде Ауыл шаруашылығы министрлігімен талқылаймыз, - деп түйіндеді Құлыбаев.


Нұргүл ХАЙРУЛЛИНА

Суретті және бейнежазбаны түсірген Нұрбейбіт НҰҒМАНОВ


29 мамыр 2018, 21:11

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.