27 мамырда кешке Атырау облыстық тарихи-өлкетану музейінде Халықаралық музейлер күніне орай «Тарих қойнауындағы Сарайшық» тақырыбында музей түні ұйымдастырылды. Музейге келушілер көне Сарайшықпен байланыстыратын аңыздар бойынша дайындалған театрландырылған көріністерді тамашалады. Ал қала тарихы бүлдіршіндерге «Сарайшыққа саяхат» мультфильмі арқылы таныстырылды.
Көрмеде жергілікті қолөнер шеберлері - қыштан ыдыс жасаушы Зинат ОРЫНБАСАРОВАНЫҢ, ағаш шеберлері Талғат ЖҰМАЛИЕВТІҢ, Нұрсұлтан ҚАЛИЕВТІҢ және тағы басқа жергілікті шеберлердің жұмыстары қойылды.
Шараға келген көпшілік астаналық суретші-блогер Аңсаған МҰСТАФАНЫҢ көрмесіне ерекше қызығушылық танытты. Ол көрмеге әлеуметтік тақырыптарға салынған қырықтан астам картинасын әкелген.
- Анам Қызылқоға ауданы, Миялы ауылының тумасы. Кейін ол Алматыда журналистік қызмет атқарды. Бала кезімде анам жұмыстан шыққанша редакцияда отырып, сурет салып уақыт өткізетінмін,- деп еске алды Аңсаған. – Редакцияға көптеген адамдар өз проблемаларын айтып келетін, түрлі әңгімелер мен түрлі тағдырлар туралы еститінмін. Әлеуметтік тақырыптардағы алғашқы картинам да сол кезден басталған.
- Көрмедегі суреттеріңізден қазақ қыздарын көп салатыныңызды байқадым...
- Иә, бұл мен үшін маңызды тақырып. Нәзік сұлулық, болашақ аналар... Барлығының бақытты болғандарын қалаймын.
Нұрбейбіт НҰҒЫМАНОВ
Сурет және бейнежазбаны түсірген автор