Мектепте сабақтар аяқталып, балалардың демалатын уақыты басталды. Бұл мақсатқа Атырау облысы бюджетінен 597 млн теңге бөлінеді, мұның 332 миллионы Махамбет ауданындағы «Арай» лагерін күрделі жөндеуге жұмсалады.
597 миллион түбегейлі сан емес, әлі көбеюі мүмкін,- дейді облыстық білім беру басқармасының бөлім басшысы Алмагүл ҚАЙЫРЛИЕВА. Оның айтуынша, 206 млн теңгені жазғы каникул кезінде төленетін жұмыспен қамту үшін жұмсамақ. Жасөспірімдер көгалдандыру, құрылыс бригадаларына, спорттық-туристік шараларға қызмет көрсетуге тартылмақ.
Балалар демалысы, атап айтсақ, Индер ауданындағы екі лагерьде ұйымдастырылады. 1000 бала Железноводскідегі «Қазақстан геологы» емдеу пансионатына жолдама алады. Сонымен қатар, 149 мектеп жанындағы (тамақ берілетін) және сауықтыру лагерьлерінде 7-14 жас аралығындағы 11 275 бала демалады. Бұл лагерьлерге жолдама берілерде ең алдымен аз қамтылған отбасыдан шыққан, қамқоршысы жоқ, мүмкіндігі шектеулі немесе ата-аналары мүгедек балаларға басымдық беріледі. Жоғары сынып оқушылары үшін мектеп жанынан тамақ берілмейтін 569 лагерь ашылады. Сондай-ақ, салалық, жарыссөз және тіл үйрену лагерлерінде 41 848 бала демалыстарын пайдалы өткізеді. Ал 74 шатырлы лагерьде 972 жасөспірім турыстік дағдыларын шыңдайды.
Егер бұрын ата-аналар мектеп жанындағы және сауықтыру лагерьлеріне жолдама алуға өтінішті мектепке жазатын болса, енді оны ХҚКО-да ресімдеуге болады. Жолдамаға өтініш 1 маусымға дейін қабылданады.
- Өткен жылы Бесіктідегі «Тұлпар» лагеріндегі бассейннің лас суына байланысты шағымдар болған еді. Биыл бұл мәселе қалай шешімін таппақ?
- Су мәселесі шешілген жоқ, сондықтан биыл мұнда бассейн болмайды. Жалпы, Бесіктідегі лагерь биыл балаларды соңғы рет қабылдайды, өйткені 2019 жылы оны жаңа лагерь құрылысы басталғалы тұрған Талғайраң ауылына көшіреді, осы жерде жақсы бассейн болады.
Гүлфайруз ТӨРЕМҰРАТОВА