Малиден келген мигрант жігіт 4 жасар баланы құтқарды. Сөйтіп, ол Францияның нағыз батырына айналды.
Оқиға өткен сенбі күні шаһардың 18-ауданында болды.
Үйде қараусыз қалған бүлдіршін балконға шығып кетеді. Әкесі баласының балконның шетінен ұстап ілініп тұрғанын көріп, қалай құтқаратынын білмейді. Осы кезде көшеде кетіп бара жатқан 22-жастағы Мамуду Гассама оны байқап қалып, ойланбастан 4-қабатқа өрмелейді. 1 минутқа жетпей, ол балақайға жетіп, құтқарып алады.
Ал айналаға жиналған халық қол шапалақтап ризашылықтарын білдіреді. Бейнежазба әлеуметтік желі арқылы тез тарап кетті.
Таяуда президент Эммануэль Макрон батыр жігітті шақырып, халықтың атынан алғысын білдіріп, ел азаматтығын алуға қолдау көрсететінін жеткізді. Ал жас баланы шешесі жоқ кезде қараусыз қалдырған әкенің ісін полиция тексеруге көшті.
Дереккөз: 24.kz