АҚШ Сирия президенті Башар Асадқа оның армиясы елдің оңтүстігіндегі көтерілісшілер топтарына қарсы кез-келген іс-қимылға баратын болса, оған жауап ретінде "қатаң әрі тиісті шаралар" қолданатыны туралы ескертті.
АҚШ Мемлекеттік департаменті жақында Дамаск іргесінен көтерілісшілерді ығыстырған Сирия армиясы енді Иордания мен Израиль шекарасы маңайындағы бітім аймағында операция жүргізуге дайындалып жатыр деген ақпаратқа байланысты алаңдаушылық білдірген.
АҚШ, Ресей және Иордания өткен жылы жанжал аумағының кеңеюіне жол бермеу мақсатында Сирияның оңтүстік-батысында қауіпсіздік аймақтарын құру туралы келіскен. АҚШ Мемлекеттік департаменті Асадты "жанжал аумағын кеңейтуі ықтимал қандай да бір қадамдарға" бармауды ескерткен.
АҚШ пен Израильді Сирия соғысына Асадты қолдайтын Иранның араласуы алаңдатып отыр. Израиль Иран күштерін Голан жотасына шоғырландыруға қарсы наразылық білдірген.
Дереккөз: azattyq.org