АҚШ президенті Дональд Трамп әділет министрлігінен өзінің сайлау кампаниясына сырттан араласу мүмкіндігін зерттеуді сұрап, 21 мамыр күні ресми сауал жолдайды.
Жексенбі күні Трамп Twitter-де "бұрынғы әкімшілік өзінің сайлауалды кампаниясына әсер ету туралы тапсырма берді ме деген мәселені анықтағысы" келетінін жазған.
Жақында АҚШ баспасөзі федералдық тергеу бюросында (ФБР) Трамптың сайлауалды штабы қызметкерімен кездескен ақпарат беруші болды деген тұжырым айтылған еді.
I hereby demand, and will do so officially tomorrow, that the Department of Justice look into whether or not the FBI/DOJ infiltrated or surveilled the Trump Campaign for Political Purposes - and if any such demands or requests were made by people within the Obama Administration!
— Donald J. Trump (@realDonaldTrump) 20 мая 2018 г.
Қазіргі кезде арнайы прокурор Роберт Мюллер Ресейдің 2016 жылы президенттік сайлау кампаниясына араласу мүмкіндігін зерттейтін тергеуді жалғастырып жатыр. Бір жыл бұрын АҚШ-тың әділет министрлігі Мюллерді тергеу жетекшісі ретінде тағайындаған. Тергеудің негізгі сұрақтары: Кремль мен Трамп серіктестері арасында оның сайлау кампаниясына байланысты келісім болды ма және Трамп заңсыз амалдар арқылы тергеуді жүргізушілерге кедергі жасауға тырысты ма?
Соңғы уақытта Трамп тергеуді жүргізіп жатқан Мюллерге тұрақты түрде шүйлігіп сөйлеп келеді.
Дереккөз: azattyq.org