Атырау, 26 қараша 05:38
 ашықВ Атырау -1
$ 498.51
€ 522.84
₽ 4.81

«Астана Банкі»: депозиттердің 99,9% сақтандырылған, бірақ тәулігіне 50 000 немесе айына 100 000 теңге беріледі

2 869 просмотра


«Астана Банкі» АҚ-ның төлем карточкаларын пайдаланатын Атырау облысының мемлекеттік қызметкерлері ақшасыз қалды. Мысалы, УГ-157/1, УГ-157/9 (ІІМ түзету мекемелері) қызметкерлері сәуір айындағы жалақыларын ала алмай келеді. Олардың әріптестерінің бірін кезекті айдың жалға алу ақысын төлей алмағаны үшін пәтерінен шығарып жіберген. Екіншісінің баласын азғана қарызы үшін балабақшадан шығарыпты.

- Біздегі қызметкерлердің барлығының дерлік несиелері бар. Әрине, қарыздарын төлеу үшін жалақыны асыға күтеді, басқа да қажеттіліктері бар. «Астана Банкі» уәдемен тойдырып келеді, бірақ ол да банкротқа ұшырайды деген қауесет таралуда, - дейді «АЖ» редакциясына жүгінген жергілікті түзету колонияларының бірінің қызметкері. - Мен біздің банк туралы Ұлттық Банк филиалынан сұрадым, олар Қазақстан бойынша осындай жағдай орын алғанын, көптеген өтініштер мен шағымдар түскенін айтты. Қазір қызметкерлеріміздің көпшілігі басқа банкке ауысып жатыр, төлем карталарын рәсімдеуде.

ҚР Ұлттық Банкі Атырау филиалының қаржы ұйымдарын бақылау бөлімінің бастығы Асланбек ҚАБЕСОВ Астана Банкі» АҚ клиенттерінен шағымдар әлі толассыз түсіп жатырғанын растады:

- Жалақыларын немесе салымдарын ала алмай жүрген, салық төлемдерін аудара алмай жүрген жеке тұлғалардан да, заңды тұлғалардан да көптеген шағымдар түсіп жатыр.

- Қазіргі кезге дейін қанша өтініш келіп түсті?

- Мұны сізге нақты айта алмаймын, қарау керек.

- Ал бұл проблема немен байланысты?

- Қазір біздің тарапымыздан тексеру жүріп жатыр, сол себепті дәл қазір нақты немен байланысты екенін айта алмаймыз.

- Өз тараптарыңыздан тексеруден басқа қандай шаралар алып жатырсыздар?

- Клиенттердің жалақысы мен салымдарын кешіктіргені үшін әкімшілік айыппұл салмақпыз.

«Астана Банкі» Атырау филиалының директоры Ербол СЫЗДЫҚОВ ахуалды былай деп түсіндіреді:

- Жалпы, бұл бізде 18 сәуірден бері орын алып жатыр. Банк нарық жағдайында ақша алу үшін Ұлттық Банкке жедел өтімділік беру өтінішімен шықты. Мемлекеттік шенеуніктердің кейбір мәлімдемелерінен кейін бізде ақшаның үлкен жылыстауы орын алды. Сондықтан біз 23 сәуірден 2 мамырға дейін лимит қою туралы шешім қабылдадық. Депозит пен карталардан ақша алу кезінде 1 миллион теңгеге дейін лимит қойылды. 2 мамырдан бастап 1 маусымға дейін жеке тұлғаларға шектеулер енгіздік: ағымдағы шоттардан шығыс кассалық операциялар/депозиттерден/төлем карталарынан ақша түсіру жүргізілмейді; банкоматтардан төлем карталарынан айына 100 мың теңге түсіріп алу; сондай-ақ, банкішілік аударым операциялары: депозиттен/ағымдағы шоттан өзінің төлем картасына/үшінші тарап картасына тәулігіне 50 мың теңге және төлем картасынан/ағымдағы шоттардан банкаралық ақша аудару тәулігіне 50 мың теңге.

Қазір жедел өтімділік мәселесі өзекті болып отыр, Ұлттық Банктің жауабын күтудеміз. Бұдан басқа, инвесторлармен келіссөздер жүргізілуде. Қазіргі кезде банктің ағымдағы жағдайына егжей-тегжейлі талдау жүріп жатыр.

- 1 маусымнан кейін клиенттер үшін шектеулер жойылады деп үміттенесіз бе?

- Иә, бәрі бұрынғыша болады.

- редакцияға жүгінген бұл мемлекеттік қызметшілер 1 маусымға дейін жалақыларын ала алмайды дегенді білдіре ме?

- Жоқ, картадан ақша алынады, карталар жұмыс істейді.

- Олар бір айдан бері жалақыларын ала алмай жүргендерін айтады...

- Жоқ, олар алып жүр, бірақ бәрі емес. Техникалық проблемаға байланысты, бірақ карталар жұмыс істейді. Біз шағыммен келетін адамдарға кеңес береміз, қалай алуға болатындығын көрсетеміз және тағы басқа. Техникалық проблемалар бар, карталар бойынша техникалық жұмыстар жүргізілуде.

- Бірақ осы колонияның қызметкерлері бір айдан бері картаға ақша түспегенін растап отыр ғой.

- Жоқ, карталарға ақшаны біз аударамыз, бірақ қазір карталар бойынша техникалық проблемалар бар. Оған бір ай болған жоқ, соңғы 7 жұмыс күні ғана. Біз клиенттерге техникалық жұмыстар жүргізіліп жатқандығы туралы хабарлаймыз, ал бұған дейін бізде проблема болған жоқ.

- Шектеулер бойынша осы шаралардың барлығы президенттің Астанадағы мәжілісте айтқан сөзінен кейін қабылданды ма?

- Иә, шынымен солай болды. Осыдан кейін жеке және заңды тұлғалар көп жүгіне бастады. Бірақ бізде 2 мамырға дейін де шектеулер болды. Клиенттер депозиттен аптасына 1 миллион теңгеге дейін ала алатын болды. Картаға қатысты бізде ешқандай проблема болмады. Бұл тек соңғы 7 жұмыс күнінен бері жалғасуда. 2 мамырға дейін бізде аптасына 1 миллион теңгеге дейін картадан ақша түсіріп алу бойынша шектеу болды. 2 мамырдан бастап картадан айына 100 мың теңгеге дейін және депозиттен күніне 50 мыңға дейін алуға шектеу қойдық.

- Жеке тұлғалардың салымдары Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қорымен 10 миллион теңгеге дейін сақтандырылған...

- Иә, бұл депозит, карта ұстаушылар үшін. Қор салымшыларға егер ағымдағы шотта немесе депозитте болса, 10 миллион теңгеге дейін өтеуге кепілдік береді. Ұлттық Банктің ресми сайтында Акишев мырза біздің банк депозиттерінің 99,9 пайызы сақтандырылғанын хабарлады. 1 маусымға дейін осы мәселелердің бәрі тұрақталады деп үміттенемін. Алдағы уақытта штаттық режимде жұмыс істеп, клиенттерге қызмет көрсетеміз. Клиенттердің барлық өтініштері мен арыздарын қабылдаймыз. Дереу өңдеп, ақпарат ұсынамыз, клиенттерден шыдамдылық танытуды өтінеміз. Инвесторлармен келіссөздер жүргізілуде, сондай-ақ, Ұлттық Банктен жауап күтіп отырмыз. Банк жүйесінде ішкі ережелер бар, біз өз кепіліміз, өз активтеріміз бойынша қаражат сұрай аламыз.

- Адамдар сіздің банк банкротқа ұшырай ма деп қауіптенеді.

- Әзірге Ұлттық банк бұл туралы айтқан жоқ. Әзірге ешқандай ресми мәлімдемелер жоқ. Біздің хатымызға орай олардың жауаптарын күтеміз.

- Ал карталар бойынша техникалық жұмыстарыңыз қашан аяқталады?

- Әзір ештеңе де айта алмаймын. Өйткені, кеше, бүгін (16 мамыр, 17 мамыр) жүйе жұмыс істеді. Ең алдымен жалақыларды, студенттердің, интерндердің, магистранттардың шәкіртақыларын аударамыз. Екінші - салық төлеу бойынша берешекті арнайы аудару, бюджетке басқа төлемдерді, соның ішінде әлеуметтік, зейнетақы төлемдерін және басқа да ақшалай талаптарды аудару жүргізіліп жатыр.

Естеріңізге салсақ, 18 сәуірде Ұлттық банк қызметі бойынша өткен кеңесте Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ «Эксимбанк», «Астана Банкі», «Qazaq Banki» жұмыстарын сынға алған болатын: «...бұл банктердің көрсеткіштері жаман, олардың акционерлері осы банктерді нашар басқарды, қарызданды, салымшыларға өз қаражаттары бойынша жауап бере алмай отыр. Олар қалай жұмыс істей алады? Мұның бәрін мемлекетке аудара салу керек! Егер осы банктерді сақтап қалғылары келсе, акционерлер қаражат салып, ең дұрыс емес жолмен шығарып алған ақшаларды қайтарсын!».

Айнұр САПАРОВА

18 мамыр 2018, 14:32

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.