Ақ үй алдында өзін күтіп тұрған АҚШ президенті Дональд Трамппен амандасу кезінде Өзбекстан басшысы Шавкат Мирзияев әріптесін қолынан алып өзіне қарай тартып қалды. Бұлай қол алысу Трамптың өзіне тән екені баспасөзде бірнеше мәрте айтылған болатын.
Көліктен түскен Шавкат Мирзияевпен қол алысып және журналистерге қарап суретке түскен соң Дональд Трамп бұрылып ішке кіруге ыңғайлана берген. Осы сәтте Мирзияев оған қолын тағы да ұсынып өзіне қарай қаттырақ тартты. Трамп қайтадан бұрылып камераларға қарап күлді. Одан соң екі президент ішке кірді.
Дональд Трамп Шавкат Мирзияевтің басшылығымен Өзбекстанда жасалып жатқан реформаларды жоғары бағалады. Бұл жөнінде Ақ үй таратқан хабарламада айтылады. Трамп Өзбекстанның Шавкат Мирзияев президенттігі басталған уақыттан бері саяси, экономикалық және әлеуметтік реформаларды жүргізуде зор прогрес жасағанын мойындаған. Сонымен қатар президент Трамп Мирзияевтің адам құқы мәселесіндегі ахуалды жақсартудағы реформаларын жоғары бағалаған. Оның ішінде АҚШ басшысы Өзбекстанда саяси тұтқындарды босату, бала еңбегін жүйелі түрде пайдалануға тыйым салу және мәжбүрлеп жұмыс істетумен күрес саласындағы жетістіктерді атап айтқан.
Дереккөз: baq.kz