Өзбекстанның халық білімі министрлігі Ташкент облысының Бекабад қаласындағы №5 мектептің директоры Д. Бабамуратова жұмыстан шығарылғанын хабарлады. Бұл мектепте мұғалім бірінші сыныптың төрт оқушысының маңдайына "екі" қойып берген, деп жазды centralasian.org.
Бұған дейін хабарланғандай, Бекабад қалалық прокуратурасы мен Ташкент облыстық халыққа білім беру басқармасы төрт оқушының маңдайына екі қойған мұғалімнің ісін тексерген. Жазаланған балалардың суреттері бірнеше күн бұрын әлеуметтік желілерде тараған.
Ташкент облыстық халыққа білім беру басқармасының хабарлауынша, мұғалім тәртіпсіз және үлгерімі төмен оқушылардың маңдайына "екі" салып берген. Мұғалімнің бұл әрекетін прокуратура "психологиялық азаптау" деп бағалаған.
Сол себепті мектеп директорымен еңбек келісімшарты үзілген. Бұған қоса, өз қызметтеріне жауапсыз қараған директордың екі орынбасары жұмыстан шығарылды. Оқушыларды мазақ қылғаны үшін бастауыш сыныптардың екі мұғалімі жұмысынан айырылды.
Ташкент облыстық халыққа білім беру басқармасы басшысының орынбасары Шукур Бурханов мұғалімдердің әрекеттерінен зардап шеккен балалардың ата-аналарымен кездесіп, олардан кешірім сұрады. Басқарма барлық білім беру мекемесінде талқылау жүргізді. Халық білім министрлігі оқушылардың құқықтарын бұзғандар қатаң жазаланатынын мәлімдеді.
Дереккөз: sputniknews.kz